18:45, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Түзеу мекемесінде есірткі бизнесінің алды алынды
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 2-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданында ЕЦ-166/5 түзеу мекемесінде есірткіге қатысты қылмыстық әрекеттің алды алынып, тиісті шара қолданылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті облыстық басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Басқарма бастығы Қанат Томановтың айтуынша, аудандық есірткі бизнесімен күрес басқармасының полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген іс- шара барысында мекемеде жазасын өтеушіге есірткі беруге қатысты әрекеттің алды алынған. 30 жасар күдікті оралған затты темір тордың арғы жағына өткізіп жіберуге тырысқан. Қызметтеріне сақ полицейлер күдіктіні айғақты дәлелдерімен қолға түсірді.Орамда салмағы 163 грамм гашиш пен бір грамм героин жасырылған көрінеді. «Сәлемдеме» заңсыз есірткі сақтауға орай жазасын өтеп жүрген Степногор қаласының тұрғынына арналған болып шықты. Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жалғастырылуда. Жалпы өңірдегі түзету мекемелерінде жыл басынан бері осындай екі қылмыстық әрекет тіркеліп, әшкереленген болатын.