Учаскелік дәрігер үйіңізге келіп те қызмет көрсетеді - Елжан Біртанов
«Кеше таңертең №9 қалалық емханаға барып тіркелдік. Өтініш толтырдым, сонымен болды. Әріптестеріммен флюорография талап ету қажеттілігі туындайтын ережені қайта қарау жайын талқыладық. Демек, онсыз да тіркелуге болады. Ең қиыны нақты дәрігер таңдау, азаматтардың басым көпшілігі мұны талап етпейді. Өйткені, дәрігер жайында барлық ақпараттарды білмейді. Емхананың сізге өзіңіз тұрып жатқан учаскені ұсынуы жиі кездеседі және ол жақта бекітілген дәрігер де бар. Бұған қоса, үйіңізге де келіп қызмет көрсетеді. Басқа учаскеге бекітілген дәрігерді таңдасаңыз, онда оның үйіңізге келуі неғайбыл. Сондықтан да тұрғылықты мекенжайы бойынша емес тіркелу барысында үйге келіп қызмет көрсетуді ұйымдастыру қиындау», - деп жазды ол.
Сонымен қатар министр әріптестермен педиатрия қызметін де талқылап, емханалардағы учаскелер бойынша пациенттерді теңсіз бөлу проблемасы бар екендігін көтерген.
«Мәселен, бір учаскедегі жалпы тәжірибелік дәрігерге шамамен 3200 адам, келесіне 1900 адам, ал педатриялық учаскеге 900-ден 1300 адамға дейін тіркелген. Бұл проблеманы толықтай төмендетіп, жүктемені теңестіру арқылы шешкен жөн. Бұған қоса учаскелік дәрігердің жүктемесін ескере отырып, кеңейтілген еңбек көлемі үшін қосымша ақы төлеуді қарастыру қажет. Әрине, бұл бюджет мүмкіншілігіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ұсынып отырған бүгінгі тарифпен (бекітілген бір адамға айына орташа 700 теңге) байланысты. Бұл мардымсыз», - деді Біртанов.
Мұнан бөлек, Денсаулық сақтау министрі дәрігерлермен созылмалы ауруы бар науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, мектеп медицинасы, қаржыландыру және қаржы мәселелерін қозғаған.
«Орташа алғанда 2 мың оқушыға небәрі 1 медбикеден келеді. Ал негізінде мұнша оқушыға 4 медбике болуы тиіс. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады»,- деді Елжан Біртанов.