Үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру қазірдің өзінде басталды деуге болады - Ә.Исекешов

Бұл туралы бүгін осы бағдарламаның дайындық шараларын қорытындылауға бағытталған үйлестіру кеңесінің отырысында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, министрлік өкілдері аталмыш бағдарламаға байланысты еліміздің барлық өңірлерінде болып, ондағы жағдаймен танысып қайтқан. «Біз бірнеше мыңнан астам өнеркәсіп кәсіпорындарында болып, 300-ден астам шетелдік инвесторлармен кездестік. Онда біздің талқылағалы отырған бағдарламаның әрбір бөлімі жіті қаралды. Үйлестіру кеңесінің 6-шы отырысында біз индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының барлық бағыттары бойынша, шеберлік жоспарларының аяқталғандығын жарияладық. Сондай-ақ біз еліміздің индустрияландыру картасын дайындау жұмыстарын да аяқтадық. Келесі жылдың қаңтар айында біз бағдарламаны Мемлекет басшысына ұсынамыз», деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, бағдарламаны дайындаудағы маңызды мәселелердің бірі оны қаржыландыруға қатысты болды. Бұл реттегі басты мақсат елімізге инвестиция тарту болмақ. «Қазақстандық коммерциялық бағыттағы банктер мен тікелей инвестициялар қоры
біздің бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысуға ниет білдіріп отыр. Олардың арасында құрылтайшылары шетелдіктер болып табылатын «БанкЦентрКредит», «АТФ банк» сияқты банктер мен бірқатар шетелдік банктер және отандық Халық банкі сияқты қаржылық ұйымдар бар. «Олар бірінші кезекте шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қосатын болады. Аталмыш бағдарламаға ресейлік банктер де үлес қосуға мүдделі. Қорыта айтқанда, біз қазірдің өзінде аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруды бастадық деп айтуға болады», деді Ә.Исекешов.