12:26, 03 Шілде 2013 | GMT +5
ҮИИДМБ арқасында Павлодар облысы өнеркәсібінің үлес салмағы 6-дан 7,2 пайызға артты
ПАВЛОДАР. 3 шілде. ҚазАқпарат - Кеше Павлодар облысының басшысы Ерлан Арын өткізген әкімдіктің кеңесінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Бағдарлама жүзеге асырылғалы бері облыстың Индустрияландыру картасына жалпы құны 744 млрд.теңгеден асып жығылатын 82 жоба енгізілді. Олардың 50-і орындалды, 44 жоба жоспарлы қуаттылыққа шығарылды, деп атап өтті өз баяндамасында өңір жетекшісінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов. Биылғы жылы құны 91 млрд.теңгені құрайтын 8 жоба аяқталатын болады.
«Жаңа индустрияландыру президенттік бағдарламасы экономикалық саясаттың негізгі бөлігіне және аймақ дамуының басты факторына айналды. Оның жүзеге асырылуы облыс өнеркәсібінің республикалық көлемдегі үлес салмағын 6-дан 7,2 пайызға арттыруға мүмкіндік берді», - деді Е.Арын. - Өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 1,4 есе артып, бір жұмысшыға 64,7 мың АҚШ долларын құрап отыр».