Үкімет 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қабылдады

sp;АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Қазақстан Үкіметі 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қабылдады.
None
None

Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері аталмыш бағдарламаға бірауыздан дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Премьер-Министр Кәрім Мәсімов 5 жылдық Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы енді Елбасының қарауына шығарылатынын атап көрсетті. «Мемлекет басшысы қабылдағаннан кейін осы бағдарламадан туындайтын өзге де бағдарламаларды әзірлеуге дереу кірісу қажет», деді Үкімет басшысы.

Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ұлттық экономиканы әртараптандыру мен жаңғыртуға, инновация мен шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Бұл бағдарламада кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді шаралары қамтылған. Бағдарлама Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының құрамдас бөлігі болып табылады.

«Бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2014 жылға қарай біз мынандай нәтижелерге қол жеткізуге тиіспіз. Біріншіден - ішкі жалпы өнімді 2008 жылғы деңгейден 50 пайызға өсіруге, екіншіден - өңдеуші секторды еңбек өнімділігін 50 пайызға, экономиканың жекелеген секторларында 100 пайызға арттыруға, үшіншіден - шикізаттық емес экспорттың үлесін 40 пайызға дейін жеткізуге, төртіншіден - ішкі жалпы өнімнің энергосыйымдылығын 2008 жылғы деңгейден 10 пайызға төмендетуге, инновациялық кәсіпорындардың үлесін қазіргі қолданыстағыларынан 10 пайызға дейін ұлғайтуға қол жеткізуіміз керек», деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, бағдарламаны әзірлеу үдерісі барынша ашық, әлі трансфарентті болды. Үйлестіруші кеңес құрылды. Сондай-ақ бағдарлама еліміздің барлық өңірлерінде таныстырылды. Атамекен одағымен, Сауда өнеркәсіп палатасымен, Қаржыгерлер қауымдастығымен, Кәсіпкерлер форумымен қосымша консултациялар жүргізілген. Бағдарламаның жобасы Мемлекет басшысының Жолдауында айтқан тапсырмаларын ескере отырып пысықталған. Ұлттық банкті және Қаржылық қадағалау агенттігін қосқанда барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен келісілген. Салалық қауымдастықтардың, қаржылық институттардың мақұлдауын алған.

«Әзірленген бағдарлама бүкіл экономикалық саясатқа бірқатар өзгертулер енгізілді, бизнестің бастамаларына кешенді қолдау көрсетуді қарастырады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы алдағы 5 жылда да еліміздің экономика саласындағы негізгі құжаты болады. Қалған барлық бағдарламалар мен стратегиялар, олардың жалпы саны - 52, аталмыш бағдарлама қабылданғаннан кейін жойылатын болады. 5 жылдық мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда дамудың басым бағыттары бойынша салалық бағдарламалар бекітілетін болады. Олар кестеге сәйкес, наурыздың соңына дейін Үкімет отырысына шығарылады», деді министр.

Оның айтуынша, бағдарламаны негізгі жүзеге асырушылар өңірлер болып табылады.

Соңғы жаңалықтар