ҮКІМЕТ АПТАЛЫҒЫ: Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етудегі өз мүмкіндіктерін нығайтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптадағы Сенаттың Экономикалық саясат, инвестициялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Арнайы экономикалық аймақтарға халықаралық басқарушы компанияларды тарту көзделіп отырғандығы мәлім болды.
None
None

Заң жобасы арнайы экономикалық аймақтар қызметіне қатысты негізгі төрт мәселені реттейді. «Біріншіден, АЭА аумағындағы қызметтер түрлерінде басымдықтарды айқындау үдерістері оңтайландыру көзделеді. Бүгінгі күні әлеуетті инвесторлардың қызмет түрлері қамтылмағандықтан, ондай жобалар АЭА аумағына жіберілмей келеді. Екіншіден, арнайы экономикалық аймақтар үшін бірыңғай үйлестіру орталығы құрылады. Бұл ретте бірыңғай үйлестіру «KAZNEX INVEST» компаниясы базасында құрылмақ. Оған басқарушы компания ретінде мемлекеттік акция пакетін бір бөлігін беру де көзделеді», - деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Рақым Ошақбаев.

Атап айтқанда, бірыңғай үйлестіру орталығы арқылы мемлекеттік пакет акцияларын сенімді басқаруды, соның ішінде халықаралық сарапшылар мен ұйымдарды тарта отырып, жүзеге асыру қарастырылады. Қазірдің өзінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-дағы құрғақ порттың операторы ретінде халықаралық басқарушы компаниялар ене бастаған.

Еліміздегі барлық 10 экономикалық аймақтың инфрақұрылымы 2019 жылға қарай толығымен аяқталмақ.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда мемлекет еліміздің арнайы экономикалық аймақтарындағы инфрақұрылымдарды дамытуға 261 млрд теңге бөлген. «Еліміздегі 10 арнайы экономикалық аймақтың 6-ында инфрақұрылым аяқталды. 2019 жылға қарай барлық АЭА инфрақұрылымын толығымен аяқтау көзделеді. Қазіргі таңда аймақтарға 136 компания тартылып, олар өз қызметтерін атқарып жатыр», - деді Р. Ошақбаев. Айта кетерлігі, келтірілген мәліметтерге қарағанда, арнайы экономикалық аймақтарға қазірге дейін салынған инвестициялар мөлшері 375 млрд. теңгеге жетіп отыр. Ал жоспарға сәйкес, 2019 жылға дейін жеке инвестициялар бойынша шамамен 2 триллион теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылмақ.

Қазақстан Азия өңірін энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етудегі өз мүмкіндіктерін нығайтпақ

Өтіп бара жатқан бұл аптада «KAZENERGY-2015» оныншы Еуразиялық форумы өтіп, онда саладағы үздік сарапшылар мен компаниялардың және ведомстволардың басшылары талқылаулар өткізіп, пікірлерімен бөлісті. Форумы аясындағы конференцияда Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин Қазақстан келешекте Азия өңірін энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етудегі өз мүмкіндіктерін нығайтуға ниетті екенін мәлім етті.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың «Жібек жолы» экономикалық белдеуі бойынша 3 аса маңызды аспектісі бар. «Бірінші бұл «CNPC» компаниясы қызығушылық танытып отырған «Еуразия» жобасын жүзеге асыру. Бұл жоба Каспий маңын терең зерттеуге бағытталып, ғылыми-зерттеулерді, технологиялық және қолданбалы зерттеулердің кең ауқымын қамтиды. Біздің пікірімізше, «Еуразия» жобасы әлемдік геология ғылымының дамуына тың серпін беріп, жаңа үлес қосуы мүмкін. Осының арқасында Қазақстан алдағы ұзақмерзімді келешекте тұтастай Азия өңірін энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде өз мүмкіндіктерін нығайтуға мүдделі»,- деді Ұзақбай Қарабалин.

Бұдан бөлек, форумның екінші күнінде өткен отырыста Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің президенті Йозеф Тот сөз сөйлеп, әлемдік мұнай компаниялары шығындарын 100 млрд. долларға қысқартып жатқандығын мәлім етті. «Бұл салада едәуір құлдырау орын алуда, бағалар жылына 50 пайызға дейін төмендеуде және біздің нарықта бағалардың әлсін-әлсін төмендеуі 2016 жылға дейін жалғасады деп болжануда. Халықаралық энергетикалық агенттік 2015 жылы барлық әлем бойынша жаһандық компаниялар өздерінің шығындарын 100 млрд. долларға қысқартады деп болжауда. Осының барлығы барша әлем бойынша 20 пайыздық төмендеуге алып келеді», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, мұнай компаниялары ары қарай да шығындарын азайта беретін болады, себебі олар қазіргі уақытта өз бюджеттерін қайта қарап жатыр. «Мұнай бағасы құлағаннан кейін олар капитал жетіспеушілігіне тап болды. АҚШ энергетика әкімшілігінің ақпараты бойынша, шикі мұнай биржасы 80 жылдардағы деңгейге дейін жетіп отыр. Жаһандық экономикалық даму жоспарлағаннан да қатты баяулап кетті», - деп атап өтті Йозеф Тот.

Мұнымен қоса, Қазақстан ОПЕК ұйымын трансформациялауды немесе әлемдегі мұнай өндірісін реттей алатын басқа ұйымды құруды ұсынды.

KAZENERGY Еуразиялық форумының екінші күнінде сөз алған ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин жаһандану үдерістерді мен бір елдің екінші елге ықпалы негізінен мұнай арқылы жүргізіліп отырғандығын айтты.

«Қазіргі уақытта қалыптасқан жағдайға орай, мұнай өндіруші елдер мен жаһандық экономика сұраныстарына сай қажетті мұнай өнімдерін жеткізуші ірі компаниялар арасында қазіргі заманғы сұхбат алаңын құру бойынша көп әңгіме жүріп жатыр. Ондай сұхбат алаңы ретіндегі жұмысты жаңғыртылған ОПЕК немесе мұнай өндіруші елдердің жаңа ұйымы атқара алар еді. Жекелеген мүдделерді алға тартуды болдырмау үшін оның қызметін БҰҰ және өзге де ірі ұйымдармен байланыстыруға болады», - деді Ұ. Қарабалин.

Оның сөзіне қарағанда, ұйымға тәулігіне 1-1,5 млн. баррель мұнай өндіретін елдер мүшелік етеді және әлемді 80 пайыз мұнаймен қамтамасыз етіп отырған негізгі ойыншылардың басын қосатын болады. «Ол тек менің жеке пікірім екенін айтқым келеді. Әрине, ол көп факторларға тәуелді іс, бірақ ертелі-кеш әлемдік мұнай қауымдастығының эволюциясы осындай өзара түсінісудің жолын таңдайды. Оған неғұрлым тез қол жеткізе алатын болсақ, соғұрлым әлемдік мұнай саласы тұрақтала түседі», - деп атап өтті ол.

Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ компаниясының Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев өндіру жұмыстары қымбаттап жатқандықтан мұнай бағасының жоғарылауы ықтимал екендігін мәлім етті.

«Арзан мұнай дәуірі өтіп кеткендігі түсінікті, шығын деңгейі бір күні бағаның өсуіне де ықпал ететіні сөзсіз. Мұнай бағасы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдікке келу барысында әлі жоғарылайтыны анық. Бірақ ол қашан келетіні басқа мәселе, біздіңше, төмен бағалар жағдайынан тез шыға қоюымыз жақын арада болмайды. Осы болжамдарды негізге ала отырып, біз өзіміздің ортамерзімді жоспарларымызды, инвестициялық бағдарламамызды жасаудамыз», - деді ол KAZENERGY Еуразиялық форумында.

Оның хабарлауынша, «ҚазМұнайГаз» биыл инвестициялар көлемін 130 млрд. теңгеге қысқартты. «Біз үшін бұл - өте үлкен сома. Әзірге біз өндіру көлемін азайтқан жоқпыз. Біз оған қалай қол жеткізе алдық, алдымен шығындарымызды тиімді басқаруды оңтайландырғанымыз түсінікті, соған қарамастан, тиімділігімізді, ұзақмерзімді жоспарларымызды да сақтап қалдық. Бұл біздің қолымыздан келді», - деп атап өтті С.Мыңбаев.

Оралмандардың тарихи отанына оралуын ынталандыратын заң жобасы мақұлданды

Бұл аптада Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасы елдің ішкі дамуының жаңа кезеңіне және әлеуметтік-еңбек қатынастарын жаңғыртуды көздейді.

«Этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ынталандыру мақсатында заң жобасымен олардың қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін алу, шетелдік азаматтарға қарағанда төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі. Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда оралмандарға жағдайлар жасалады. Мәселен, жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберіндегі этникалық қазақтар үшін көлік шығындарын өтейтін, қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакеттер қарастырылады», - деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, еліміздің бір өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңіріне қоныстанған оралмандар үшін де дәл жоғарыда айтылғанындай әлеуметтік топтамалар берілмек. Ал алғашқы қоныстанған, яғни Үкімет айқындаған өңірінен бес жыл мерзімінен бұрын өз бетінше көшіп-қонып, қоныс аударып кеткендер, Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқандар өздері алған мемлекеттік қолдауларды қайтаратын болады.

«Оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін тұрақты тұру ықтиярхатын алғаннан кейін бір жыл ішінде шешу көзделеді», - деді министр.

Бұдан бөлек, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде Тамара Дүйсенова жұмыс берушілер жалпы жұмысшылар санының 2-4 пайызын мүгедектер квотасына ұсынатындығын айтты.

Белгілі болғандай, егер жұмыс беруші мүгедектің жеке мүмкіндіктері мен денсаулығының шектеулерін ескере отырып, тиісті жабдықталған жұмыс орындарын құратын болса, онда мемлекет оның осы жұмысқа қатысты шығындарын субсидиялайтын болады. «Тұтастай алғанда, халықты жұмыспен қамту саласында жұмыс берушілер үшін жалпы жұмысшылар санының 2-4 пайызына дейін мүгедектер квотасына белгілеу ұсынылады», - деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Ішкі көші-қон саласындағы халықтың теңгерімсіз орналасу мәселесін шешу мүмкіндіктері де қарастырылған. Бұл ретте заң жобасында жұмыс күші артық өңірлерден Үкімет айқындаған жұмыс күші тапшы өңірлерге көшкендерге көлік шығындарын өтейтін, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беру, шағын несие беруді құрайтын әлеуметтік пакет қарастырылады.

«Үкімет айқындаған өңірлерге жоғары оқу орындары мен колледждерде оқу орындарын көбейтіп, олардың жанында орналасқан жатақханаларда орын санын ұлғайтып, ауыл жастары үшін солтүстік өңірлерден арнайы оқу гранттарын ұйымдастыру ұсынылады», - деді министр.

Егін жинау науқаны 10 күннен кейін аяқталады

Осы аптада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет Үйінде кезекті отырыс өтті. Күн тәртібінде ағымдағы жылғы астық жинау науқанын жүзеге асыру мәселелері қаралды.

«Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметтеріне қарағанда, 28 қыркүйекте 11 млн. га дәнді дақылдар немесе жиналатын аумақтың 74,7 пайызы жиналды. 13,2 млн. тонна дән бастырылды. Өнімділік - 12 ц/га. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 0,4 центнерге жоғары», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

Оның мәліметтеріне қарағанда, дәнді дақылдар егілетін үш негізгі аймақта 8,1 млн. га немесе 71,5% жиналды. 9,4 млн. тонна бастырылды. Орташа өнімділігі 11,6 ц/га. Осылайша, Ақмола облысында 3,1 млн. га астам (75,9%), Қостанай облысында - 2,6 млн. га (64,8%), Солтүстік Қазақстан облысында- 2,4 млн. га (74%) жиналды.

«Қазан айында жылы, жауын-шашын нормаға сәйкес болады деп күтілуде. Мал азығын дайындау жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр», - деді Ауыл шаруашылығы министрі. А.Мамытбеков ауа райы қолайлы болған жағдайда егін жинау науқанын 10-15 күннен кейін аяқтау жоспарланғанын айтты.

Қазақстан автокөлік саудаса бойынша топ-50 елдердің қатарында

Бұл аптада Қазақстан машина жасаушыларының үшінші форумы өтіп, саладағы ахуалды отандық және шетел мамандары қызу талқыға салды. ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешевтің сөзіне қарағанда, Қазақстанда энергетика және машина жасау саласында 57 ғылыми жоба жүзеге асырылуда.

«Қазіргі кезде машина құрылысы бағытында 2015-2017 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру аясында энергетика-машина жасау басымдығы бойынша 2015 жылға жалпы қаржыландыру көлемі 746 млн. теңге сомасындағы 57 ғылыми жоба жүзеге асырылуда», - деді А. Төлешев.

Сонымен қатар ол Ұлттық ғылыми кеңес ғылым, энергетика және машина құрылысы басымдығы аясында машина жасау саласында 2016-2018 жылдарға арналған мамандандырылған бағыттарды қалыптастырғанын атап өтті.

«Бұл тұрғыда көліктік және құрылыс саласындағы машина жасау, ауыл шаруашылығы машинасы, тау-кен, металлургия және мұнай-газ, сондай-ақ электротехникалық машина жасау бағыттары қамтылды»,-деді ол.

Мұнымен қоса форумда еліміздегі автокөлік саласын дамыту мәселесі ерекше назарда болды. Қазақстан нарықта автокөлік саудасы көлемі бойынша бұрынғысынша топ- 50 елдердің қатарына кіріп отыр. «Алғашқы бес айда Қазақстанда 67 мың жаңа автокөлік тіркелді. Әрине, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда төмендеу, бірақ қарқын сақталуда. Қазақстан бұрынғысынша нарықтағы көлік саудасы көлемі бойынша топ-50 елдің қатарында. Біз бұл жағдайды жақсы нышан ретінде бағалап отырмыз», - деді PricewaterhouseCoopers компаниясы автомобиль-логистикалық дамыту саласы бағытындағы директоры Шалқар Нұртілеуов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде еліміздегі автомобильдің орташа жасы - 12 жыл. «Бұл тұрғыда айтарым, Қазақстанда жаңа көліктердің өсімінің қарқыны жақсы, яғни ескі автомобильдердің үлесі жыл сайын азайып келеді. Бұған мемлекеттік реттеу шаралары әсер етуде. Атап айтқанда, енгізілген техникалық регламент, көлікті сатып алуға негізделген жеңілдетілген несиелендіру бойынша мемлекеттік қолдау оң ықпал етті»,- деді ол.

Өз кезегінде Қазақстан автобизнес қауымдастығының төрағасы Андрей Лаврентьевтің ҚР Үкіметінің қолдауымен болған жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы автоөндірушілерге шілде айынан бастап өндірісті дағдарысқа дейінгі деңгейге шығуға мүмкіндік бергенін жеткізді. «Әрине, біз осының алдында жоғалтып алған жарты жылдағы көрсеткішті қуып жете алмаймыз. Бірақ та, екінші жартыжылдықтан бастап өндіріс көлемі мен жаңа жабдықтарды сатып алу көрсеткішін арттырудамыз. Сондықтан болашаққа оптимистік көзқарасымыз бар. Сондай-ақ локализация (көліктердің тетіктерінің басым бөлігін елімізде шығару) бойынша да өзіміздің жоспарларымызды орындауға мән береміз»,-деп түйді қауымдастықтың төрағасы.

Соңғы жаңалықтар