ҮКІМЕТ АПТАСЫ: ЖОО ректорлары мемлекеттік грантқа ілікпеген «Алтын белгі» иегерлеріне қолдау көрсетуі тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы мектеп бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан қажетті балын жинағаннан кейін қолына сәйкестік сертификатын алған бірнеше мыңдаған түлектің біріне еліміздің жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру гранты есебінен білім алу мүмкіндігі берілсе, енді бірі оқуға іліге алмай көңілі күпті болды. Есте болса, мемлекеттік грантқа 67 мың адам үміткер болған еді. Ал небәрі 32 мың гранттың 12,5 мыңы техникалық, 6 мыңы педагогикалық және 2,5 мыңы ауыл шаруашылығы мамандықтарына және қалғаны басқа мамандықтарға бөлінген.
None
None

Бұлардың қатарында білім грантын алуға басымдығы мол 2116 «Алтын белгі» иегері, Назарбаев зияткерлік мектептерінің 1255 түлегі, жалпы білім беру пәндері бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың және ғылыми жарыстардың 1093 жеңімпазы, республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың 816 жеңімпазы мен Президенттік олимпиаданың 6 жеңімпазы да бар. Негізі елімізде жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіншілігін дәл осы санаттағы түлектер бірінші кезекте алуы тиіс болатын. Алайда, ағымдағы жылы республика бойынша «Алтын белгіге» ие 39 оқушы мемлекет есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне іліге алмады. Мұны күні кеше ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев мәлім еткен еді.

«Бізде 39 «Алтын белгі» иегері грант ала алмады. Мұндай жайт қалай орын алды? Өйткені, бұл санаттағылар әдеттегідей тек мәртебелі мамандықтарға құжат тапсырады. Ал өздеріңіз де білетіндей, біз жылдан-жылға экономикалық және заңгерлік мамандықтарға гранттарды азайтып келеміз. Сондықтан да олардың грант ала алмай қалуы әбден мүмкін», - деді ол.

Шындығында да бұл түлектердің мемлекеттік грантқа ие бола алмай қалуына кім кінәлі? Мамандық таңдауда баласына дұрыс бағыт-бағдар бере алмаған ата-ана ма? Әлде, халықаралық сайыстарда еліміздің намысын қорғап, мектепті үздік бітірген түлектің тегін жоғары оқу орнында білім алуына жағдай жасай алмаған Білім және ғылым министрлігі ме? Кінә екі тарапта да бар сияқты. Біріншіден, ата-ана баласына мамандық, 4 жоғары оқу орнын таңдау барысында дұрыс көмек беріп, конкурсы төмен саланың бірін қоса көрсетуге ақыл-кеңес беруі тиіс-ті. Өйткені, әлі де болса, түлектердің экономика, заңгерлік, халықаралық қатынастар сынды «қаны жерге» тамбай тұрған, конкурс өте жоғары мамандықтарды таңдауға әуес. Екіншіден, министрлік түлекке ҰБТ тапсырмастан 125 балл жинағандығы туралы арнайы сертификат бергеннен кейін оның міндетті түрде жоғары оқу орнына түсуін қатаң бақылауға алуы қажет еді.

Қалай десек те болар іс болды, бояуы сіңді. Ендігі уақытта министрлік 39 «Алтын белгі» иегерінің жоғары оқу орнына қабылдануына қол ұшын созуда. Күні кеше Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов еліміздің барлық жоғары оқу орындарының ректорларына бірінші кезекте аталған 39 «Алтын белгі» иегерін оқуға қабылдау туралы қолдау хат жөнелткен. Себебі, жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындары ректорларының талантты жастарға арналған арнайы гранты бөлінетіндігі белгілі. Мұны С.Өмірбаев жоғарыда аталған брифингте мәлім еткен болатын. «Енді «Алтын белгі» иегерлері сол жоғары оқу орнына барып, қабылдау комиссиясына өтініш жасауы тиіс. Олардың өтініштерін қабылдау комиссиясы міндетті түрде ректорға жеткізеді. Барлық ректорлар ең алдымен «Алтын белгі» иегерлеріне қолдау көрсетулері тиіс», - деді ол.

Айта кетерлігі, министрдің үндеуіне ең бірінші болып Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті үн қосып, мемлекеттік білім гранттарына ілінбей, оқуға түсе алмай қалған «Алтын белгі» иегерлеріне Ректор гранты ұсынылатындығын жария етті. Аталған жоғары оқу орны таратқан хабарламада: ««Қазіргі уақытта қоғамда мемлекеттік білім гранттарына іліге алмаған «Алтын белгі» иегерлері туралы қызу талқыланып жатқаны белгілі. Осыған байланысты, егер «Алтын белгі» иегерлері Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жоғары білім алғылары келетін болса, оларға Ректор гранты ұсынылады. Бұл қолдау, ең алдымен, еліміздегі дарынды балаларға деген қамқорлық», - делінген хабарламада.

Тоқ етері, бұл түлектердің жоғары оқу орнына қабылданатындығы анық. Бірақ, алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермеу шараларын тыңғылықты қолға алған жөн.

Осы аптада еліміздің білім саласында қатысты жаңалықты Балалар үшін қосымша білім жүйесін дамыту жөніндегі республикалық конференция барысында Білім вице-министрі Есенғазы Иманғалиев жария етті. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда қосымша білім беру жүйесіне Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарын енгізу қажет. «Биыл қосымша білімнің жаңа стандарты күшіне еніп, оның апробациясы басталады. Сондықтан да Мемлекет басшысы білім беру жүйесінің алдына өте үлкен мақсатты жүктеп отыр. Осы тұрғыда екі векторды атап өткен жөн. Біріншісі - бұл «Қазақстан-2050» Стратегиясы бойынша еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына енуі. Ал екінші вектор - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері стандарттары. Біз қазақстандық білім беруде елеулі жетістіктерге қол жеткізген елдердің стандарттарын енгізуіміз қажет», - деген министрдің орынбасары Қазақстанда білім беру стандарттарын жаңарту түрлі үйірмелер арқылы балалардың қосымша білімі жүйесін жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Білім саласына қатысты сөз қозғалғаннан кейін маусым айының басында Парламентте өткен отырыстардың бірінде депутат Азат Перуашев пен Білім министрі Аслан Сәрінжіповтің бір-бірін «түсінісе алмай» сөзге келіп, соңында депутат министрдің үстінен құзырлы органдарға арыз түсіргенін айта кеткен орынды. Себебі, осы аптада талайдың құлағын елеңдеткен осы оқиғаға еліміздің Ішкі істер министрлігі соңғы нүкте қойып, министрдің депутатқа айтқан сөзінде еш қылмыстық ілік жоқтығын мәлімдеді. «2015 жылдың 5 маусымында Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу департаментіне Бас прокуратурадан Парламент Мәжілісінің депутаты А. Перуашевтың ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповтің жеке меншік жоғары оқу орындарының мүддесін қорғау туралы айтқан сөзіне қатысты жазбаша өтініші келіп түсті. Осы фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 376-бабының 2-бөлігі бойынша (Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және оның қызметiне кедергi жасау) сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу барысында істің жағдайын тексеруге қажетті тергеу амалдары, оның ішінде тиісті сараптамалар жүргізілді. Тергеу нәтижелері бойынша қылмыс құрамының болмауына байланысты іс бойынша сотқа дейінгі өндіріс тоқтатылды», - деп хабарлады министрлік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум