Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов "Дала қыраны-2010" халықаралық арнайы тактикалық жаттығу ойындары өтіп жатқан Іле әскери полигонында болды

Естеріңізге сала кетейік, аталған шара тамыздың 16-ы күні басталған болатын. Биыл 8-ші рет өткізіліп отырған жаттығуға Қазақстанның «Қазбат» және «Қазбриг» бітімгершілік күштері, сондай-ақ АҚШ пен Ұлыбританияның әскери күштері қатысуда.
Жалпы жаттығуға 1000-ға тарта әскерилер мен 100-ге жуық техника тартылған.
Үкімет басшысы полигонда «Қазбат» қазақстандық бітімгерлік батальоны жасақтарының жарылғыш заттарды іздестіріп табуы және залалсыздандыруы, қарулы лаңкестердің шабуылын тойтару тәрізді эпизодтық көрсетілімдерін тамашалады. Сонымен қатар, сарбаздар бітімгершілік базаны қорғау мен күзетудің үлгісін көрсетті.
Бұнымен қатар, Үкімет басшысына қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков «Қазбаттың» иелігіндегі бар тренажер орталығын, қару-жарақ және техникамен таныстырды. Бұл ретте Премьер-Министр «Қазбат» техникалар құрамындағы жол таңдамайтын «Хаммер» автокөлігін, «Хюьи-2» тікұшағын, жеке құрал жабдықтар мен қару жарақтарды, мина іздеуші, қорғаныс және байланыс құралдарын, парашюттік-десанттық техникалармен қатар, бронды техникалардың мүмкіндігін көрді.