11:16, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Үкімет басшысының қатысуымен «Ағадыр-ОҚМАЭС» учаскесі іске қосылды
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қарағанды облысындағы 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында «Ағадыр-ОҚМАЭС» учаскесі іске қосылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы ?KEGOC? АҚ Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитіндегі 500 кВ-тық екінші электр жеткізу желісінің құрылысы жобасының кезекті кезегін аяқтады. ?KEGOC? компаниясы өкілдерінің айтуынша, бұл учаскенің іске қосылуы еліміздің Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы электр өткізу қабілетін 180 МВт-қа ұлғайту есебінен еліміздің Оңтүстігі мен Алматы қаласының тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттырады. Жалпы ұзындығы 386 шақырымға созылған 500 кВ-тық «Ағадыр- ОҚМАЭС» учаскесіндегі жұмыстар 2007 жылы басталған болатын. Аталған учаске бас мердігері- DALEKOVOD (Хорватия) құрылыс жұмысына отандық компанияларды тартты. ?KEGOC? акционерлік қоғамы жобаны қаржыландыру мақсатында халықаралық және отандық қаржы институттарымен несиелік келісімдер жасасты.
Компания қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитіндегі 500 кВ-тық екінші электр жеткізу желісінің жалпы ұзындығы 1096 шақырымды құрайды. Атап айтқанда, 2008 жылдың қазан айында 500 кВ-тық Шу қосалқы стансасы және ұзындығы 248 шақырым 500 кВ-тық ОҚМАЭС-Шу желісі іске қосылды. Жобаның үшінші кезеңіндегі желінің ұзындығы 462 шақырымдық 500 кВ-тық «Екібастұз-Ағадыр» желісінің құрылысын 2009 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 43,6 млрд. теңге.
«Қазақстанда алғаш рет 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында басқармалы шунттаушы реакторлар орнатылды. Инновациялық жабдықтың қолданылуы транзиттегі электр тораптарының жұмыс режимін тұрақтандырады. Сонымен қатар коммутациялық жабдықтың тозуы қарқынын төмендетеді», деді ?KEGOC? АҚ-ның президенті Қанат Бозымбаев.