Үкімет Елбасы айқындаған жаңа міндеттерді жедел орындауға кірісті
Сәуірдің басындағы сайлаудан кейін қайта сайланған Елбасы барлық билік деңгейіндегі қайта жасақтауларды да өткен аптада ғана тамамдаған болатын. Сол қайта жасақтаудан кейінгі алғаш рет жаңарған құрамда өткізілген Үкімет мәжілісіне Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері мен орталық мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» ХДП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшылары мен облыс әкімдері қатысты. Осы алқалы жиында негізгі әңгіме арқауы елдің келешектегі экономикалық даму мәселесін қамтып, Елбасы Үкіметке мемлекеттік межедегі стратегиялық мақсаттарға сәйкес жаңа тапсырмалар жүктеп берді.
Жиын барысында Мемлекет басшысы алдағы асуларға тоқтала келе, таяу бес жылда Қазақстанның азаматтары табысы жоғары елдер тобына енуі қажеттігін айтқан болатын. Ал ондай межені бағындыру үшін 2016 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көлемі кемінде 15 мың АҚШ долларына жетуі тиіс. Ендеше даму қарқыны да босаңсуды көтермейді. Қайта әлгіндей көрсеткіш үшін экономика жыл сайын кемінде 7 пайыздық өсіммен қарқынды дамып отыруы қажет. Ал ондай өсімге қол жеткізу бағытында салмақтың көп түсетін жері, шикізаттық секторды қоспағанда, шағын және орта бизнес болмақ. Сондықтан да, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметтің және әкімдердің жаңа міндеті ретінде шағын және орта бизнесті, шикізаттық емес секторды ұдайы дамыту арқылы экономиканың жыл сайынғы өсімін қосымша 3 пайызға жеткізуді қамтамасыз ету мәселесін қойды. Ал ондай мақсатты межеден көрінудің 3 түрлі жолын да Президент айқындап берді. Бұлар: біріншіден - инвестиция тарту, екіншіден - инновацияны енгізу, үшіншіден - мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімділігін арттыру. Жаңа құрамда жасақталған Үкіметтің алдына жүктелген міндеттің бастысы да осы негізгі 3 жолды бағындыру төңірегінде болып отыр.
Осы бағыттағы тапсырманың бір парасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелді. «Бүгінгі таңда бүкіл әлемде бағаның, соның ішінде, әсіресе, азық-түлік бағасының өсуі айқын байқалып отыр. БҰҰ Халықаралық азық-түлік ұйымының мәліметтері бойынша бұл әлемдік құбылысқа айналып барады. Алайда, Қазақстан өзін-өзі және ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытуды қамтамасыз ете алатын елдердің қатарында. Демек, салаға инвестициялар тарту арқылы тығырықтан жол тауып шығуға болады. Бұған ел мүмкіндігі әбден жетеді», - деген Елбасы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен жаңадан тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке саланы өркендету жолына қатысты һәм инвестициялық мәселелерді тиімді шешу төңірегінде нақты тапсырмаларды тізіп берді.
Бұдан бөлек, Елбасы алқалы жиын барысында елдің транзиттік әлеуетін арттыра түсу мәселесін де алға тартты. Көлік және коммуникация министрлігінің жаңа басшысы, барлық облыс әкімдері ел аумағы арқылы тауарлардың, жұмыс күштерінің, адамдардың, әсіресе, туристердің еркін қозғалуына барынша қолдау көрсету жолдарын белсенді іздестіруі керек. «Көлік дәліздерін дамыту бойынша өңірлік, мемлекетаралық ынтымақтастықты, әсіресе, интеграциялық келісім аясында белсенді дамыту қажет. Елдің шығысында Қорғас, батысында Ақтау айлағы шынайы экономикалық аймаққа, яғни Қазақстанның ашық қақпасына айналуы керек. Үкімет еркін экономикалық аймақты дамытуды тежеу себептерін талдауы және жоюы тиіс», - дей келе Президент ұлттық авиатасымалдаушы компанияны заманауи әуе лайнерлерімен толықтырып, азаматтық авиация істерінде бәсекелестікті дамытуы қажеттігін алға тартты. Осы төңіректе Көлік және коммуникациялар мнистрлігіне тапсырма жүктеп, жер қойнауын игеруге қатысты Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының алдына да міндеттерді белгіледі. Білім саласындағы басымдықтар бойынша нақты бағыттағы жұмыстарға да тоқталды. «Қазақстан әлемдік деңгейдегі білім орталықтарының біріне айналуы керек. Осы іске таудай талаппен кіріскеніміз абзал. Экономикалық прогресс дегеніміз, бұл - бірінші кезекте таланттыларды тауып, дамытып, оларды ел игілігіне айналдырудың көшелі жолы. Қабілетті адамдар инновациялық ахуалды қалыптастыру ісінде қай елде болсын ерекше рөлге ие. Қазақстан да осы бағытта жұмыс істей бастады», - деген Н. Назарбаев «Болашақ» бағдарламасын бітірушілерді жұмыспен қамту тетігінен бастап, орта білім берудің сапасына дейінгі аралықты қамтып, Білім және ғылым министрінің атқаратын жаңа шараларына назар аударды. Президент, сонымен бірге, мемлекеттік және қоғамдық институттар тиімділігін арттыру мәселесіне тоқтала келе, елдегі кадрлық саясатты жолға қою, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, еліміздің құқықтық жүйесін дамыту, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру шараларына қатысты әрбір жауапты органның атқаратын міндетін нақты, қадап-қадап айтып шықты. Мәжіліс соңында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов сөз сөйлеп, Елбасы тапсырмалары Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына қарай толық орындалатынына сендірді.
Сөйтіп, өткен жексенбіде Мемлекет басшысының жаңа құрамдағы Үкіметтің алдына жүктеген тапсырмаларын орындауға қатысты шаралар осы аптаның дүйсенбісінде Министрлер кабинетінің отырысында талқыланды. Соған орай, Үкіметбасы Кәрім Мәсімов жауапты басшылардың атқаруы тиіс міндеттерін пысықтап, Елбасы тапсырмасынан туындайтын жұмыстарға назар аударды. «Мемлекет басшысы өз сөзінде аграралық сектордың дамуына, азық-түлік қауіпсіздігінің бәсекелестігін қорғауға, жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне маңызды басымдық берді. Осы топтамадағы тиісті шараларды Үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шөкеев қадағалайтын болады», - деді К. Мәсімов. Осы орайда Премьер-Министр Экономикалық даму және сауда министрлігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Бәсекелестікті қорғау агенттігіне, сондай-ақ облыс әкімдеріне азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мұқият болуды жүктеді. Экономикалық даму және сауда министрлігіне екі аптаның ішінде әр сала бойынша экономикалық өсімнің мақсатты көрсеткіштерінің есебін даярлау міндеті қоса жүктелді. «Біз тоқсан сайын бұл көрсеткіштердің жетістіктерін бақылайтын боламыз. Сондықтан екі аптаның ішінде Үкімет отырысында осы мәселелер бойынша аталған министрліктің басшысы Қайрат Келімбетов салалық әр министрліктер мен ведомстволар бойынша және өңірлік әр облыстар бойынша баяндайтын болады», - деді Үкімет басшысы. Ал Сыртқы істер министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 1 айдың ішінде инвесторларды тарту бойынша жоспарды әзірлейді. Бұл жұмысқа қазақстандық дипломатиялық өкілдіктер мен үкіметаралық комиссиялар жұмылдырылатын болады. Мұнымен қоса К. Мәсімов 1 апталық мерзімде арнайы экономикалық аймақтардың дамуын тежеп жүрген себептерді жою бойынша тиісті ұсыныстарды енгізуді жүктеді. «Елбасының тапсырмасы аясында біздің жұмысымыздың басымдығы ретінде Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру қала береді. Әсет Исекешев осы мәселені қадағалайтын болады», - деді Премьер-Министр.
Көктемгі егіс жұмыстарына әзірлік пысықталды
Аптада өткен Үкіметтің селекторлық кеңесінде Министрлер кабинеті ауыл шаруашылығы саласы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жұмыстарын тағы бір мәрте пысықтап шықты. Бұған дейін де Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жауапты министрліктер мен облыс әкімдіктері көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдасқан түрде өткізуді қамтамасыз етуі керектігін айтып келген еді. Кеңес барысында жауапты министрліктер басшылары әзірліктің деңгейіне қатысты баяндады. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылы егілетін барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының аумағы 21,3 млн. гектарды құрайды. Жалпы биылғы егіс алқаптарының ауқымы былтырғы деңгейге шамалас келеді. Дегенмен, мал шаруашылығын дамытуға байланысты мал азығына негізделген егіс алқаптары артатын болады. Сонымен қатар көкөніс, бақша дақылдары, мақта егістері және қант қызылшасының егіс алқаптары ұлғаяды. Жалпы алғанда көктемгі егін егу науқанына республикалық бюджет пен «ҚазАгро» холдингінің қосымша қаржыландыруы 88,2 млрд. теңге шамасында болмақ. Көктемгі егіс науқанының маңызды мәселесі жанармайға қатысты болатыны анық. Биыл жанармай бағасы реттелетін болады. Мәселен, егіс науқанына байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге бүгінгі күннің өзінде 106,2 мың тонна жанар-жағармай жеткізілген. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді арзандатылған дизель отынымен кепілдік көлемінде қамтамасыз етудің тиісті мәселелері де қадағалауда. «Атап айтқанда, бүгінде 106,2 мың тонна жанар-жағармай жеткізілді. Бұл жоспарлаған көрсеткіштің 50 пайызы. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің дизельдік отынмен қамтамасыз етуге қажетті көлем 183 мың тоннаны, бензин - 34 мың тоннаны, сондай-ақ дизель майы 14 мың тоннаны құрайды», - дейді жаңа министр Асылжан Мамытбеков. Министрдің атап өтуінше, ағымдағы жылы жылдық тиімді ставка 12 пайыздан 8 пайызға төмендетілген. Осы орайда былтырғы жылғы құрғақшылық салдары мен кепіл беру кезіндегі банктердің сақтыққа баруы қаперге алынған. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы, әсіресе, шағын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қамтамасыз ету талаптары жеңілдетілген әрі 2 жылға дейінгі мерзімге несие беру тетіктері қарастырылған жаңа бағдарлама ашылған. «Арыс» шағын несие ұйымы арқылы Оңтүстік Қазақстан облысында мақта өндірушілерді несиелеу жүзеге асуда. Бұл қор 2 млрд. теңгені құрайтын, әкімдік меншігі болып табылатын өңірлік компания. Яғни ағымдағы жылы мақташыларда ешқандай мәселе туындамайды, бәрі шешілген», - деді А.Мамытбеков.