Үкімет елімізде бизнесті жүргізу позициясын жақсартуға септігін тигізетін шараларды жүргізбек

Елімізде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Дүниежүзілік банктің жариялаған дәстүрлі мәліметтері бойынша Қазақстанның бизнесті жүргізу деңгейі төмендеуіне қатысты қойылған сауалға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Елбасы Үкімет алдына өте ауқымды міндеттер жүктегенін, бизнесті жүргізу бойынша Қазақстанда айтарлықтай шаралар атқарыла беретінін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет ішінде бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың басқаруымен арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Бұл ретте Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп позицияны жақсарту бойынша кеңес жүргізіп отырады.
Елбасы тапсырмасын басшылыққа ала отырып, біріншіден, контрциклді бюджеттік саясат жүзеге асырылады. Талқыланып отырған үш жылдық бюджет осыған бағытталады. «Әлемде экономикалық ахуал күрделі болған жағдайда, Үкімет экономикалық белсенділікті ынталандыра түсуі керек. Біз осыны жоспарлап отырмыз. Екіншіден, экономикада құрылымдық өзгерістер жасау. «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес, біз дамыған 30 елдің қатарына енуіміз керек. Ал бұл елдер негізінен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін мемлекеттерден тұрады. Осыған орай, аталған ұйым арасында елдік келісімге қол қоюға үміттіміз. Қазақстан Үкіметі құрылымдық реформаларды жүзеге асыру нәтижесінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымының елдерімен ынтымақтастықты арттыру үшін барлық жағдай жасайды. Бұл әлемнің көптеген елдерінде экономикалық даму күрделі жағдайда тұрған қазіргі уақытта аса маңызды», - деді К. Мәсімов.
Мемлекет басшысы Үкімет алдына қойып отырған маңызды тапсырмалардың бірі - жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асыру. Бұл ретте бірқатар аса маңызды аспектілер бар. «Жекешелендіру мақсатының аясы кең. Мәселен, мемлекеттік меншікте тұрып-ақ табысты қызметті дамытып жатқан елдер бар. Сондай-ақ, түгелдей жекеменшікке өткізген, бірақ дамуы соншалықты үдей түспеген мемлекеттер де бар. Сондықтан жекешелендіру жай ғана жекешелендіру үшін емес, экономикалық қызметтің тиімділігін арттыру үшін жасалуы керек», - деді Премьер-министр.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы қазіргі әлемдік экономикада жекешелендіруге қатысты көптеген қайшы пікірлер бар екенін де атап өтті. Мәселен, экономист сарапшылар маңыздысы меншік түрі емес, басқару жүйесі екенін айтуда.
«Менің пайымымша, жекешелендірудің бүгінгі толқыны шаруашылық қызметті басқаруды тиімді ете түсуі керек. Біз бұл бағытта тәжірибе жинақтап жатырмыз. Ай сайын жекешелендірудің барысын Үкіметте талқылаудамыз. Қаржы министрі апта сайын селекторлық кеңес өткізіп, мемлекеттік органдар арасында жұмысты үйлесімді етуге барын салуда. Биылғы жылы жалпы алғанда 171 нысан жекешелендіруге шығарылады. Бұл бағытта бір өңірлерде белсенділік байқалса, ендігі бір өңірде баяу жүруде. Дегенмен, ең бастысы - жекешелендірудің ашықтығы», - деп атап өтті К. Мәсімов.
Бүгінде шетелдік инвесторлармен диалог белсенді жүргізіліп, қосымша инвестициямен елімізге шақырылуда. Премьер жекешелендіру шарасына отандық инвесторлардың белсенді қатысқаны өзекті екенін айта келе, өздерінің жаңа технологияларымен, жаңа басқару тәсілімен шетелдік инвесторлардың келгені де маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ, талқылау барысында Үкімет басшысы мұнай бағасы келер жылы 70 долларға дейін төмендейтін болса, Үкімет бюджетті қайта нақтылайтынын жоққа шығармайтынын айтып өтті. Өйткені, макроэкономикалық саясаттың қандай болатынын, мұнай мен негізгі металдар құны қалай тұрақтайтынын дөп басып айту қиын. Ал бағаның келер жылы қалай болатыны 2015 жылдың бірінші тоқсанында белгілі болмақ.