Үкімет отырысы: Жаңаөзенде кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдікті шарттармен несие беріле бастайды
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақтаудан селекторлық кеңес арқылы байланыста болған Жаңаөзен қаласын қалпына келтіру бойынша үкіметтік комиссияның төрағасы-«Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
«Кәсіпкерлікті қолдау бойынша елеулі жұмыстар атқарылды. «Даму» қоры Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамыту орталығын ашты», - деді ол.
Сонымен қатар Ө.Шөкеев, қаладағы тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен коммерциялық нысандардың меншік иелерімен кездесу болғанын, сондай-ақ олардың өтінімдерін қарастыру және несие беру бойынша түсіндіру шаралары жүргізілгендігін жеткізді.
Оның пайымдауынша, Жаңаөзенде кәсіпкерлікті дамытудың 2012-2014 жылдарға арналған арнайы жоспарын бекіту - бұл жұмыстарға жаңа бастау болады. Шөкеевтің сөзіне қарағанда, кәсіпкерлерге несие берудің тәртібі барынша жеңілдетілді. «Несиелер өте жеңілдікті шарттармен 5 млн. теңгеге дейін беріледі», - деп түйіндеді ол.