12:18, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Үкімет Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңарту және дамыту тұжырымдамасын, сондай-ақ оны іске асыру жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған кешенді жоспарды мақұлдады
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Үкімет Қазақстан Республикасындағы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңарту және дамыту тұжырымдамасын, сондай-ақ тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған кешенді жоспарды мақұлдады.
Мұндай шешім Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовтың айтуынша,
тұжырымдама мен жоспардың іс-шараларын жүзеге асыруға жыл сайын 60 млрд. теңге, ал 5 жылдың ішінде 300 млрд. теңге бағыттау жоспарланып отыр. Оның ішінде 200 млрд. теңге республикалық бюджет қаржысы есебінен бөлінетін болады. Бұл қаржылар сумен қамтамасыз ету және құбыр жүйелерін, жылумен, электр қуатымен, газбен жабдықтау жүйелерін жөндеу жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ елді мекендердің аумақтарын абаттандыруға бағытталатын болады. «Елімізде жалпы ауданы 260 млн. шаршы метрден астам 2 миллионға жуық тұрғын үй бар. Оның 4 млн. шаршы метрге жуығы бұзылуы тиіс. Лифтілердің үштен бір бөлігінен астамын ауыстыру немесе оларға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Коммуналдық желілердің 60-75 пайызының тозығы жеткен. Жылу, су және электр энергиясының шығындары 20-30 пайызға жетіп отыр», - деді С. Ахметов. Оның айтуынша, Тұжырымдама мен кешенді жоспар Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында және Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық дамытудың көкейкесті мәселелеріне арналған кеңесте берген тапсырмалары бойынша әзірленген. Бұларды дайындауға орталық мемлекеттік органдар, барлық өңірлердің әкімдіктері, ірі коммуналдық кәсіпорындардың және олардың қоғамдық бірлестіктерінің, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысқан. Тұжырымдаманың басты мақсаты - тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігін арттыру негізінде азаматтардың өмір сүруіне қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасау, елді мекендердегі нысандар мен аумақтарды тиісті деңгейде ұстап тұру. Тұжырымдаманы жүзеге асыру барысында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, коммуналдық сектордың инвестициялық тартымдылығын, мемлекет пен жеке меншік секторды, жеке инвестицияларды ынталандыруды арттыру жөніндегі міндеттер шешімін табады. Сондай-ақ ресурстарды үнемдейтін технологияларды пайдалану, тариф түзуші жүйені, саланың нормативтік-техникалық базасын жетілдіру сынды міндеттер шешілетін болады.