Үкімет Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасын мақұлдады
«Осы бағдарлама тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың өзара байланысы бар екі негізгі элементі бойынша әзірленді. Бірінші - бұл коммуналдық сектор, оның ішінде сумен, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау, сондай-ақ екіншісінде тұрғын үй секторы мәселелері қамтылған»,- деді Үкімет отырысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин.
Оның айтуынша, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, елді мекендерді ауыз сумен жабдықтау мәселелерінің ерекше маңызды болуына орай бұл мәселелер жеке бағдарламаға бөлінген.
«Сондықтан осы Бағдарламада коммуналдық қызмет секторында газбен, жылумен, электрмен жабдықтау, су бұру мәселелері қарастырылған. Жалпы Республика бойынша коммуналдық инфрақұрылымның желілері мен құрылыстарының техникалық жай-күйі бойынша көп бөлігі жөндеуді немесе ауыстыруды талап етеді»,-деді С. Нокин.
Атап айтқанда су бұру жүйесінде жөндеуді талап ететін желілер мен құрылыстардың үлесі 66%, жылумен жабдықтау - 63%, электрмен жабдықтау - 73% және газбен жабдықтау 54% құрайды.