Үкімет Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Вице-премьері-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
Осы орайда министр аталған бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші бесжылдығында индустрияландырудың бірінші кезеңі үшін тиісті база құрылғандығын атап өтті.
«Біз бұл жұмысты жалғастыратын боламыз, яғни бірінші бесжылдықты тиімді аяқтау өте маңызды»,-деді Ә. Исекешев.
Сонымен қатар ол, Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет бағдарламаның екінші бесжылдығының тұжырымдамасын даярлау бойынша тиісті жұмыстарға кіріскендігін жеткізді.
«Бүгінгі таңда бұл өте маңызды құжат болып табылады. Себебі, біз қазір әлемдік нарықтарда күрделі өзгерістер жүріп жатқандығын көріп отырмыз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының экономиканы кластерлендіру бойынша бірқатар тапсырмалары бар. Осыны ескере отырып, аталған тұжырымдама әзірленіп жатыр. Бұл тұрғыда Үкіметте «Атамекен» одағымен бірге арнайы жұмыс тобы құрылды. Менің ойымша, жылдың соңына дейін бұл жоба дайын болады»,-деп түйді министр.