Үкімет ұлттық экономикаға тың серпін қосатын құжаттарды мақұлдады
Ең бастысы - бұған дейін мүдделі ведомство араларында ары-бері жөңкіп, олармен келісілген бұндай жобалардың бойына қан жүгіреді. Нақты атқарылуы үшін қайсыбір құжаттар Парламентке жөнелтілсе, кейбірінің тиімді жүргізілуіне қажетті арнайы нормалар, қаулылар бекітіледі. Енді осы құжаттардің біразына тоқталып өтсек.
Бюджеттің бүйірі томпаятын болды
Жиын барысында Қаржы министрі Болат Жәмішев «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырып өтті. Министрдің айтуынша, ағымдағы жылы республикалық бюджетке түскен қаржы 3 трлн. 517 млрд. теңгеге дейін өскен. «Қолданыстағы бюджетпен салыстырғанда, бұл 139 млрд. теңгеге немесе 4,1 пайызға артық. Осылайша, 2010 жылдың нақтыланған бюджеті 3 трлн. 517 млрд. теңгені құрады. Шығыстар 4 трлн. 321 млрд. теңге, ал бюджет тапшылығы 803 млрд. теңгені құрады», - деді Б. Жәмішев. Ал болжанған қаржылар бөлінісіне келетін болсақ, мұндағы саясат та белгілі - ақша негізінен ағымдағы қажеттіліктер үшін әрі шапшаң шешуді талап ететін мәселелерге жолданады. Оның ішінде ең алдымен әлеуметтік міндеттер бойынша берешектер болса, сол қалыпқа келтіріледі. Осы тұрғыдан алғанда, Үкімет бекіткен бюджеттік түзетудің бір парасы үлескерлер мәселесін шешуге арналады. Мәселен, осы мақсатта жыл соңына дейін игеру үшін 17,7 млрд. теңге бөлу қарастырылады. Бұдан бөлек, отандық өндірушілердің тауарларын қолдауға қосымша 10, 7 миллиард теңге бағытталады. Ал халықты ауызсумен қамтамасыз етуге қосымша 6,4 миллиард теңге бөлінетіні жобаға алынған. Бұның ішінде, ең алдымен ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруды бастауға әрі ауылдық елді мекендерге зерттеу жүргізуге, сонымен қатар сумен жабдықтау жүйесін салуға және жөндеуге қаржы салынады. Сонымен қатар, Үкімет зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 8,8 миллиард теңге шамасында қаражат айырыпты. Бұл негізінен биылғы бюджеттен әлеуметтік көмек алушылардың санының артуына байланысты болып отыр. Үкімет мүшелері бірауыздан мақұлдауын заң жобасы Парламентке жолданды.
2015 жылға қарай жол-көлік апаты 8 пайызға дейін азаяды
Үкімет отырысы барысында бекітілген көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының негізгі мақсаты да осы. Яғни, Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов еліміздегі жол қауіпсіздігі іс-шараларын одан әрі дамыта отырып, 2015 жылға қарай жол-көлік апаттарын 8 пайызға дейін төмендетуге болатындығына жүгініп отыр. Министрдің айтуынша, 2010-2014 жылдарға арналған еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы салалық бағдарлама аясында республикалық маңызы бар жолдардың 5,5 мың шақырымы қайта жаңартылып, 6 мың шақырымы және жергілікті маңызы бар жолдардың 10 мың шақырымы қайта жөнделеді. Жаңа Кендірлі әуежайы салынып, еліміздің әуе көлік паркін 18 әуе ұшағымен толықтыру жоспарланған. «Бағдарламаны іске асырудың негізгі 58 инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қаржы ресурстары басты құрамдас бөлігі болып табылады. Бөлінетін қаржы ресурстарының жалпы көлемі 2,7 триллион теңгені құрайды. Соның ішінде республикалық бюджет есебінен 1,1 триллион теңге қарастырылады», деді Ә.Құсайынов. Бұл ретте бағдарлама аясындағы шараларды атқара келе, көлік саласы бойынша жалпы қосылған құн салығын арттыра отырып, көлік және коммуникация кешенінің негізгі көрсеткіштерін 63 пайызға ұлғайтуға баса назар аударылып отыр.
Бағдарлама жеңіл өнеркәсіпке серпін беретін болады
Үкімет мақұлдаған тағы бір бағдарлама еліміздегі жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталады. Құжаттың негізгі міндеті Қазақстанда өндірілетін отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және саланы әртараптандыру арқылы дамыту болып табылады. Бұл ретте құжат аясында ішкі нарық сұранысын қанағаттандыру, өнім шығару және сыртқы нарыққа шығу міндеттері басымдық ретінде белгіленіп отыр. Айта кетерлігі, тәуелсіздіктен кейінгі жылдары арнайы салалық бағдарламалар қабылданғанымен де, тиісті қолдаудың болмауы салдарынан құлдыраған еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласының қазіргі жағдайы да оңалып кете алған жоқ. Бірқатар сарапшылардың бұл саланың бәсекеге қабілеттілігін ең төменгі деңгейге қоятыны да сондықтан. Қордаланған проблемалар да жеткілікті. Мәселен, сала кәсіпорындарындағы негізгі қордың тозуы, экспорт үлесінің төмендігі, отандық өнімді тұтынушылар үлесінің мардымсыздығы және кадрлардың жеткіліксіздігі саланың қанат қағуына кері әсерін тигізіп келген болатын. Есесіне, отандық өнімнің орнын шетелдік нарық емін-еркін иеленіп келді. Ал бағдарламалық бетбұрыс бұндай олқылықтарды сатылап жоюды қарастырады, салада бірқатар жүйелі шаралар қолға алынады. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп саласында 2 техникалық регламент пен 50 мемлекеттік стандарт енгзілетін болады. Сертификаттар Кеден одағына мүше елдермен сәйкес үндестіріледі. Сондай-ақ ұлттық компаниялар, жүйе құраушы кәсіпорындар мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары арасында қысқа мерзімді сатып алу тетіктері әзірленетін болады.
Ең бастысы тоқырау жылдары дәстүрлі дамуынан жаңылып, күрт үзілген кадр мәселесі қайта қолға алынып, үкіметтік қолдаулар да бұдан көрініс табатын болады. Мәселен, жиын барысында салалық бағдарламамен таныстырған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиевтың айтуынша, бүгінгі күні еліміздің жеңіл өнеркәсібінде қызмет ететін жұмысшылар саны 13 мың 700 адамды құрайды екен. Олардың басым көпшілігі әйелдердің үлесінде. Ал жаңа мақұлданған бағдарламаға сәйкес жеңіл өнеркәсіп саласындағы мамандар саны 2014 жылға қарай қосымша 15 мыңға дейін көбеймек. Жалпы бағдарлама аясында Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен алдағы кезеңде 2,7 миллиард теңге бөлу көзделген. «Бұл орайда оқытылатын мамандардың саны 14 мыңнан астам адамды құрайтын болады», деді Б.Камалиев.
Құрылыс саласында үлкен «төңкеріс» күтіледі
Үкімет бекіткен келесі бір құжат еліміздің құрылыс саласының қарқынын үдетуге бағытталады. 2010-2014 жылдарға арналған құрылыс индустриясы саласын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту бағдарламасына сәйкес, аталған кезеңде елімізде 2 млн. шаршы метрге жуық мемлекеттік тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің сөзіне қарағанда, бұның ішінде 1,1 млн. шаршы метр кредиттік желідегі тұрғын үй және 864,2 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй ретінде тұрғызылмақшы. «2011 жылдан бастап «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қатысуымен жергілікті атқарушы органдар мен жеке инвесторлар арқылы тұрғын үйді салу және сату схемасы бойынша кредиттік тұрғын үй салу көзделіп отыр. Ілкі жобаларды іске асыру үшін Республикалық бюджеттік комиссиясында Агенттіктің 2011 жылы 20,8 млрд. теңге бөлу туралы өтініміне қолдау көрсетілді. Жоспарды іске асыру қорытындылары бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салынған тұрғын үйге төлем қабілеті бар сұранысты қамтамасыз ететін салымшылардың пулын қалыптастырады. Бұл жеке құрылыс салушылардың қызығушылығын, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары санының өсуін қамтамасыз етеді, осының нәтижесінде тұрғын үй құрылысының көлемі өседі», деді С. Нокин. Агенттік төрағасы салаға серпін беретін тың тетіктермен қатар, «ASI» Инвестициялық-құрылыс компаниясымен» бірлесіп құрылыс салудың жаңа схемасын және жеке инвесторлардың тұрғын үй сату схемасын әзірлегенін атап өтті. «Әкімдіктерде кезекте тұрған әлеуметтік жағынан қорғалатын азаматтар үшін мемлекеттік жалға берілетін тұрғын үй салынуда. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау көлемі іс жүзінде бұрынғы деңгейде сақталады», деді ол. Оның пікірінше, тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарда тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың болуы баспаналарды дер кезінде пайдалануға беруді қамтамасыз ететін негізгі фактор болып табылады.
Расында, алдағы уақытта құрылыс саласы дағдарысқа дейінгі қарқынына қайта келуіне мүмкіндік мол. Өйткені, қаржы бөлінуде, тиісті заңнамалық, бағдарламалық тетіктер толық жүзеге асады. Ендеше, сала экономикалық дамудың негізгі бағытына айналуы шарт. Жиын барысында Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев те құрылыс саласына бөлініп жатқан қаржыға қатысты «құрылыс саласында төңкеріс жасауға» болатынын атап өткен болатын. «Келесі жылы құрылыс саласында өте үлкен реформалар жасаймыз. Тіпті бұны «төңкеріс» деп атауға да болады. 2011 жылдан бастап «эуро кодтар» енгіземіз. Барлық құрылысшылар, жобалаушылар баламалы түрде осы кодтарды пайдаланады. Осылайша, 2014 жылға дейін отандық құрылыс саласы толықтай осы жүйеге көшетін болады. Алайда бұл бағдарлама ескі кадрларға ұнамауы мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, біздегі құрылыс саласы бұған дейін ескі стандарттар бойынша жұмыс істеп келді. Ең алдымен, солармен күресіп алуымыз керек», дейді Ө. Шөкеев.