Үкімет үйінде әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы конвенцияның іске асырылуы туралы Ұлттық баяндамасының жобасы қаралады

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 26 сәуірде 15.00 сағатта Үкімет үйі ғимаратының отырыс залында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтеді, деп хабарлады ұлттық комиссияның хатшылығы.
None
None

Күн тәртібінде бір мәселе қаралады: «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы конвенцияның іске асырылу барысы туралы біріккен үшінші және төртінші Ұлттық баяндаманың жобасы туралы».

Қазақстан Республикасы 1998 жылы Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны (бұдан әрі - Конвенция) ратификациялағаны белгілі. Конвенцияның 18-бабына сәйкес қатысушы мемлекеттер әрбір төрт жыл сайын оның орындалуы туралы БҰҰ-на мерзімді баяндамалар ұсынып отырады.

БҰҰ-ға оның орындалуы туралы алғашқы баяндама - 1999 жылы, екінші баяндама - 2004 жылы ұсынылды, ол 2007 жылғы қаңтарда қаралды.

БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітуді жою жөніндегі комитетінің (бұдан әрі - Комитет) 2007 жылғы 37 сессиясындағы қорытынды ескертулеріне сәйкес Конвенцияны іске асыру жөніндегі біріккен үшінші және төртінші мерзімді баяндама 2011 жылы ұсынылуға тиіс.

БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы конвенциясының іске асырылу барысы туралы біріккен үшінші және төртінші ұлттық баяндаманың жобасында (бұдан әрі - Жоба) 2004 жыл мен 2010 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасында болған әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу туралы мәліметтер келтірілген.

Жоба барлық министрліктер мен ведомстволар, Астана, Алматы қалалары мен облыстар әкімдері жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар ұсынған үлкен талдау материалының негізінде дайындалды. Оны дайындауға үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар да қатысты.

Жобада 2007 жылғы қаңтарда Қазақстанның екінші баяндамасының тұсаукесерінен кейін алынған БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітуді жою жөніндегі комитетінің (CEDAW) қорытынды ескертулері мен ұсынымдары ескерілді.

Онда жеке баптармен есептік кезеңде орын алған заңнамалық актілердегі өзгерістер, Қазақстанның Конвенцияға сәйкес қабылдаған міндеттерін орындау жөніндегі әкімшілік және басқа да шаралар, қол жеткен прогресс, кедергілер және оны одан әрі іске асыру жөніндегі межеленген қадамдар туралы ақпарат берілген.

«Дүниежүзілік экономикалық форум» халықаралық ұйымының «Жаһандық гендерлік айырмашылық - 2010» баяндамасына сәйкес 2010 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы әлемнің 134 елінің ішінен 41 орынды иеленген. Біздің еліміз Еуропалық одақтың 14 елін, соның ішінде Франция, Италия және Венгрияны артқа тастап отыр. Гендерлік ахуалды төрт көрсеткіш бойынша бағалаған: экономикалық қатысу және мүмкіндік, білім деңгейі, саяси құқықтар, денсаулық және өмір сүру ұзақтығы.

Соңғы жаңалықтар