Үкімет жаңашылдықты өзінен бастауға ниетті

АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Осы аптадағы Үкіметтің көшпелі отырысы Байланыс және ақпарат министрлігінде өтіп, онда Министрлер Кабинеті 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі салалық бағдарламаны мақұлдады. Құжат Үдемелі индустриялық-инновациялық
None
None

даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның құрамдауыштарының маңызды бір бөлшегі ретінде қарастырылып отыр. Дегенмен, құжатты қабылдаудағы маңызды талап - уақыт, заман талабы. Заман ағымымен біте қайнасып, жаңалықтарға ілесе жүріп дамымақтық - бәсекелестіктің ең ұтқыр көрінісі. Расымен, бәсекесі мығым ел несімен мықты десеңіз, бірінші кезекте осы - ақпараттық һәм коммуникациялық технологиясымен озық екені даусыз. Индустрия­лық-инновациялық даму бағдар­ла­масына сәйкес, ақпараттық-комму­ни­кациялар саласының «болашақ секторы» ретінде айрықша белгіленуі де сондықтан. Бұдан бөлек, болашақты болжамдай білетін «білгіштер» жақын келешекте «технологиялық революция» жүзеге асып, үлкен серпіліс болатынын пайымдайды. Ал ондай шапшаң өзгерістерде ең бірінші заманға сай амалды қолданғандар ғана ұтатыны даусыз.

Бағдарламаға келетін болсақ, құжаттың негізгі мақсаты - ақпараттық қоғамға және инновациялық экономикаға көшу, ақпараттық коммуникациялық технологияларды бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған ұлттық сектор ретінде қалыптастыру. Үкімет мақұлдаған бағдарлама 7 негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда, ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту, интернет желісіндегі қазақстандық сегментті және контентті арттыру, электрондық қызметті және «электрондық үкіметті» дамыту, цифрлық телехабар таратуды дамыту, жоғары технологиялық құрал-жабдықтар өндірісін қолға алу, сондай-ақ ақпараттық коммуникация саласындағы білімді дамыту болып отыр. Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдауды және оларды іске асыру жөніндегі тетіктерді талап ететін жобалардың жинағы әзірленеді. Жалпы, мамандардың пайымдауынша, құжатты толық іске асыру Қазақстанның жалпы экономикасының дамуына үлкен демеу болады. Мәселен, жоғары технологиялық өндірістің дамуына қуатты серпін беріп, мемлекеттік органдар мен қазақстандықтардың өзара қатынастарын жеңілдетпек.

Жиын барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов кең жолақты интернетті дамыту мәселесіне де тоқталып, бірқатар ұсынымдар айтты. «Біз әртүрлі немесе қандай да бір планшетті компьютерлерді, не болмаса ұялы телефондардың жаңа түрлерін ел азаматтары үшін қалайша қол жетімді ете аламыз? Бұларды электронды үкіметке қалай үйлестіріп, тұйықтай аламыз? Осы жайлы ойланыңыздар», деді К. Мәсімов. Бұдан бөлек, Премьер-Министр: «Елге келіп-кететін кейбір әріптестерім планшетті компьютер немесе қандай да бір ұялы телефон арқылы өз үкіметін басқара береді. Осы жайында ойлану қажет және тиісті ұсыныстарды ескере отырып «электронды үкіметті» дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу қажет», деді.

Бұдан бөлек, Кәрім Мәсімов министрліктердің және агенттіктердің басшыларын тапсырманы шұғыл түрде алып отыруға мүмкіндік беретін электрондық жаңашылдықтарды пайдалануға шақырды. Бұл орайда Үкімет басшысы министрліктер мен агенттіктердің басшылары, «құпия емес» электронды пошталарын BlackBerry-ге (бұның көмегімен ұялы телефон арқылы электронды поштаны пайдалануға болады) шығару қажет деп есептейтінін айтты. Сөз арасында Үкімет мүшелерін жаңашылдыққа үндеген Премьер өзі де шапшаңдыққа жаны жақын екендігін білдіріп, осы қызмет түрін пайдалануға құлықты екенін аңғартты. «Ақпараттандыру үдерісін Үкімет мүшелері алдымен өзімізден бастамасақ, істің бір орыннан қозғалуы да қиын. Бұған біз қозғау салуымыз керек. Шетелдік дамыған елдерде мемлекет басшылары, үкімет басшылары автомобильде отырып-ақ «құпия емес» пошталарды пайдаланады», деді ол.

«Балапан» қанат қағады...

Осы аптада мемлекеттік тілде хабар тарататын, балаларға арналған «Балапан» атты телеарнаның ресми түрде ашылуы болып, салтанатты түрде тұсауы кесілді. Қазақ телевизиясының тарихындағы балаларға арналған тұңғыш жеке телеарна - «Балапан» қыркүйектің 27-сінен бастап, елімізде кабельдік желіде қазақ тілінде ғана хабар тарататын болады. Расында, дәл осындай телеарнаны қазақ баласы ғана емес, ұлтын, болашағын ойлаған көпшілік қауым бұрыннан тосып, сарыла күткен болатын.

«Балапан» - 3 пен 12 жас аралығындағы балаларға арналған тұңғыш телеарна. Телеарна «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының базасында ертеңгі сағат 10-нан кешкі 10-ға дейін кабельдік желіде 12 сағат бойы тек қана мемлекеттік тілде хабар таратады. Арнаның мазмұнына келсек, «Балапан» өз көрермендеріне арнап, «Алақай, балақай!» деп аталатын ертеңгілік спорттық -жаттығу сипатындағы шоу-бағдарламасын, «Кел, ойнайық», «Шеберхана», «Әліппе», «Айжұлдыз» сынды оқу-танымдық және «Ән салайық!» атты отбасылық музыкалық хабарларын эфирге шығармақ. Сондай-ақ «Ғажайыпстанға саяхат» деп аталатын өзіміздің өндірісте дайындалатын мультсериалы да баршылық. Бұл хабарлардың бәрі де педагог-психолог мамандардың қатысуымен, балалардың жас ерекшеліктері мен мінез-құлықтарын ескеріп жасалады.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов таза мемлекеттік тілде хабар тарататын «Балапан» телеарнасының ұжымы мен көрермендеріне құттықтау жолдаған болатын. Онда Премьер-Министр: «Ұлттық телевизия тарихында тұңғыш рет ашылған жаңа жоба ең алдымен әрбір ата-ана үшін, баласы бар әрбір отбасы үшін маңызды оқиға. Ежелгі шығыстың «ең ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады» деген қанатты сөзі бар. «Балапан» телеарнасының алғашқы қадамы нұрлы болсын! Қазір - жаңа технологияның заманы. Ол өмірдің барлық саласына, оның ішінде білім беру жүйесіне де енді. Біз интернетке кіріп, теледидар көріп, әлемді танимыз. Қажетті білім, ақпарат аламыз. Сондықтан біз білім саласын ұдайы қолдауға, балалардың денсаулығын жақсартуға барынша мән береміз. «Балапан» телеарнасына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені «Балапанның» аудиториясы біздің кішкентай бүлдіршіндеріміз», делінген Үкімет басшысының құттықтау хатында.

Сонымен қатар, К. Мәсімов «Балапанды» көріп олардың тілі шығатынын, көзқарасы, дүниетанымы қалыптасатынын, тарихымызды оқып, ұлттық мәдениет пен өнерді үйренетінін, салт-дәстүрімізді көріп өсетінін атап өтеді. «Сондықтан телебағдарламаның сапасы жоғары болуы тиіс. Бұның барлығы телеарна ұжымынан табандылықты, үлкен еңбекті талап етеді. Біз мемлекеттік тілімізді қолдаймыз. «Балапан» тек қазақ тілінде эфирге шығады. Енді біздің алдымызда «Балапанды» ғарыштық байланыс арқылы әр елді мекенге, әр ауылға тарату мақсаты тұр. Бұған тез арада қол жеткізуіміз керек. Ауылдағы әр отбасы балапанды көріп, қаладағыдай ауылдағы әрбір бала білім, тәрбие алуы тиіс. Мемлекет бұған әрдайым қамқор болып отырады», дейді Премьер-Министр.

Салтанатты шараға қатысқан Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев аталмыш телеарнаның ашылуын саяси-тәрбиелік мәні бар үлкен оқиғаға балады. «Соңғы жылдар біз қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін, қазақ тілінің қоғамды қолданыста кеңейту үшін біраз жұмыстар істеп жатырмыз. Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін бағдарламалар бар. Бірақ көп нәрсе бала кезден басталады ғой, балаларды қазақ тіліне үйретсе, олар тап-таза қазақша сөйлеп тұрса, бұл тіліміздің болашағына жол ашатыны сөзсіз. Сондықтан «Балапан» телеарнасы басқа ұлттың балаларына қазақ тілін үйретуде үлкен рөл атқарады деп сенеміз. Екінші жағынан, «Балапан» телеарнасының балалардың бойына қазақтың құндылықтарын сіңіруде танымдық, тәрбиелік мәні зор болады деп ойлаймыз», деді М. Әшімбаев.

Тоқтала кететін жайт, «Балапан» бағдарламасынан бөлек 2011 жылы «Мәдениет», ал 2012 жылы «Білім» телеарнасы ашылатыны белгілі болды. Бұлар да 100 пайыз қазақша хабар таратады.

Соңғы жаңалықтар