Үкіметте Қарағанды облысында метанды өнеркәсіптік жолмен өндіру жобасын іске асыру мәселелерін қарайды
«Соңғы жылдары әлемде көмірсутектік шикізаттың дәстүрлі емес көздерін іздеу және өңдеуге қызығушылық өсуде. Осындай көздердің қатарына көмір қыртысының метаны да жатады. Бұл секторды дамыту орталықтары бүгінде АҚШ, Қытай, Австралияда орналасқан. Қазақстанда бұл бағыт кеңестік кезеңнен бері зерттелуде, алайда бізде әлі күнге дейін ешқандай айтарлықтай нәтиже жоқ», - деді үкіметтік делегацияның қатысуымен өткен кеңесте Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжанов.
Алдын ала бағалау бойынша, Қарағанды көмір бассейніндегі метан қорлары 500 миллионнан 3 миллиардқа дейін текше метр газды құрайды, деп еске салды ол.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында және көмір қыртыстары метанын өнеркәсіптік өңделуін тезірек бастаудың аймақ үшін маңыздылығын түсіне отырып бүгінде облыста бұл салада белгілі жұмыстар атқарылды», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Атап айтқанда, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Ленин атындағы шахтасында метаннан шығарылатын электр энергиясын өңдеу бойынша құрылғы іске қосылды. Бұдан басқа, метанды барлау және оны өңдеу бойынша жобалар бар.
«Бұл жобалар негізінен жеке инвесторлардың бастамасымен іске асырылып, солардың мүмкіндіктеріне тікелей байланысты болып отыр. Мұндай жағдайда метан қорын көлемді игеру мәселесінде елеулі серпінге қол жеткізу қиын», - деп атап өтті Ә.Ахметжанов.
Қарағанды облысының жергілікті билігі мемлекеттің қолдауына зәру.
«Мемлекет осындай жобалардың экономикалық тиімділігін қамтамасыз етуі керек, дәл осылай жасаған басқа елдерде мұндай жобалар іске асырылуда», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Қарағанды облысының әкімдігі мемлекеттік бюджет қаражатына Қарағанды көмір бассейнінің геологиялық әлеуетін бағалау бойынша зерттеу жұмыстарын өткізуді ұсынып отыр. «Бұл көмір қыртыстарының метанын өнеркәсіптік өңделуінің болашағын анықтауға және инвестицияларды көбейту үшін алғышарттарды құруға мүмкіндік береді», - деді Ә.Ахметжанов.
Бұдан басқа, аймақ басшылығы көмір қыртыстарының метанын барлау және өндіру бойынша жұмыстарды атқаратын кәсіпорындарға салықтық артықшылықтар мен жеңілдіктер керек деп есептейді.
Сондай-ақ облыстық әкімдік газды жеткізу және үлестіру бойынша инфрақұрылымды дамыту саласындағы мемлекеттік қолдауды сұрауда.
Вице-премьер Қ.Көшербаевтың хабарлауынша, жуырда Үкіметте метан қорларын игеру мәселелері бойынша кеңес өткізу жоспарланып отыр.
Бұрын хабарланғандай, 18-19 қазан күндері Қарағанды облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қ.Көшербаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы келді. Жұмыс сапарының бірінші күнінде үкіметтік делегация Жезқазған аймағында болды. Екінші күні топ Қарағанды, Теміртау және Сарандағы бірқатар нысандарды аралады. Сапар барысында сондай-ақ аймақтың жылу беру маусымына дайындық деңгейі бағаланды. Сапар қорытындылары облыс активінің кеңесінде шығарылды, мұнда аймақты дамытудың негізгі басымдықтары белгіленіп, проблемалық сұрақтар талқыланды.