20:33, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Үкіметте ҚР-ның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырысқа ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері және Парламент Мәжілісінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.Бұл жұмыс тобы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан -2030» ұзақ мерзімді даму стратегиясының аясында еліміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін құрылған.Стратегия жобасында 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған ұзақ мерзімді басымдықтарды іске асыру жөніндегі шаралар егжей-тегжейлі қаралады. Бүгін жұмыс тобының мүшелері көлік-коммуникациялық кешенді, тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру саласын стратегиялық дамыту жөніндегі ұсыныстарды қарады.Сондай-ақ Қарағанды және Павлодар облыстарының осы аймақтардың 2020 жылға дейінгі басымдықтары айқындалған даму мақсаттары мен стратегиялық бағыттары жөнінде ұсыныстар талқыланды.