Үкіметте орманға қасақана өрт қою оқиғасын болдырмау туралы селекторлық кеңес өтті

АСТАНА. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкіметте облыс әкімдері орынбасарларының қатысуымен болған селекторлық кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев ел аумағындағы орманнан ағаш кесу үшін қасақана өрт қоюға тосқауыл қою шаралары тиянақты болуын тапсырды.
None
None

«Ертіс орманы» алқабында тамыздың 10 күні қасақана өртеу оқиғасы тіркелді. Атап айтқанда, қаскөй орманға 5 жерден от қойған. Өрт шарпыған аумақтардағы от уақытында ауыздықталды», деп атап өтті аталған кеңес барысында ҚР АШМ Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев.

Оның сөзіне қарағанда, орманды өртеген қаскөйдің автокөлігінің нөмірі анықталған және осы іс бойынша факті Павлодар облысының Лебяжі аудандық ІІБ-не тапсырылды. «Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне аталған фактілер бойынша іс-шараларды бақылауға алуды сұраймыз», деді Е. Нысанбаев.

Өз кезегінде Ө. Шөкеев осындай істерге өте тиянақты болуды тапсырды. «Қазіргі кезде орманды қасақана өрттеушілерге тосқауыл қоюға байланысты шараларды аяғына дейін жеткізу керек. Себебі, орман өрттеушілер тиісті деңгейде жазаланбаса, мұндай қаскөйлік жыл сайын жалғаса береді», деп алаңдаушылық білдірді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Айта кетейік, бұдан бұрын Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов орманның қасақана өртелуіне жол бермес үшін бұл мәселені айрықша бақылауға алуды тапсырған болатын.

«Мен әріптестеріммен тиісті әңгіме жүргіздім. Ағаштарды кесу үшін көбіне орманды қасақана өртейді. Осының айналасында өзіндік бизнес бар көрінеді. Сондықтан бұл мәселе айрықша бақылуда болуы шарт», - деп атап өткен болатын Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар