Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қазақ тілінде тренингтер өткізу машықтарына үйренуде

Халықаралық бизнес академиясындағы үш күндік бұл шараны «Шеврон» компаниясының қолдауымен Орталық Азияның Еуразиялық қоры, үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) Сараптама орталығымен бірлесіп ұйымдастыруда. «Жаттықтырушыларға арналған тренингтер барысында заманауи оқыту әдістемелерін қолдану» тақырыбындағы тренингке ҮЕҰ-лардың жаттықтырушылары мен көшбасшылары қатысуда. Оның барысында жаттықтырушылық дағды, топпен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері, аудиторияны басқара білу, топпен тиімді өзара ауызша немесе таңбалы қатынас, әрекеттену дағдыларын дамыту сынды мәселелер қамтылады.
«Жаттықтырушыларға арналған тренингтер барысында интернет-технологияларды тиімді қолдану» тақырыбымен өтетін шараның соңғы күнінде қатысушылар интернет, әлеуметтік желі, Power Point бағдарламасымен таныстырылады, сонымен қатар виртуалды оқытудың тиімді әдістері мен технологияларын меңгереді.
Сондай-ақ жаңадан қалыптасып келе жатқан ҮЕҰ өкілдері арасында қазақ тілінде жүргізілетін тренингті жоспарлап, өткізуге байқау өтеді. Байқау жеңімпазы осы жылдың ақпан айында Алматы қаласында ауылдық жерлердегі ҮЕҰ өкілдеріне тренинг жүргізетін болады.