Үкіметтің алдағы отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданатын болады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Екі айдан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының параметрлері тыңғылықты талқыланғанына тоқталған К. Мәсімов, «бізге ұлттық қазақ өндірісі қажет. Сондықтан мемлекет Елбасының, Үкіметтің тапсырмасы бойынша теңдессіз шараларды қабылдауда. Барлық қиындықтарға қарамастан, биылғы жылдың бюджетінде 30 миллиард теңге салынды. Кешегі Үкімет отырысында параметрлерді бекіттік», деді.
«Үкіметтің алдағы отырысында бұл бағдарлама қабылданатын болады және бұл қаржы нақты экономикаға ену мүмкіндігіне бағытталады»,- деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, наурыздың 30-ы күні өткен Үкімет отырысында ҚР Вице-премьері Ербол Орынбаев нақтыланған республикалық бюджетте «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 30 млрд. теңге қарастырылып отырғандығын, бұл қаражат өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін 300 млрд. теңге шамасында жеке инвестицияны тартуға мүмкіндік беретінін айтқан еді.