ҰҚК Алматы мен 7 облыстан 45 атыс қаруы мен 400-ден астам оқ-дәрі тәркіледі

АСТАНА. KAZINFORM - Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарудың, жарылғыш заттардың және оқ-дәрілердің заңсыз айналымымен күресу жөніндегі жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.

Қару-жарақ
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

2025 жылдың шілде айында прокуратураның үйлестіруімен, ҰҚК ІІМ-мен бірлесіп, Алматы қаласында, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында бірқатар жедел іс-шаралар өткізілді.

45 атыс қаруы, оның ішінде 6 Калашников автоматтары, түрлі модификациядағы 18 тапанша, 14 аңшы мылтығы, 7 шолақ мылтық, сондай-ақ 6 граната, 2 тротил шашкасы және 400-ден астам оқ-дәрі тәркіленді.

Сонымен қатар, Ақмола облысының өңірдегі кәсіпорындардың бірінде өнеркәсіптік жарылғыш заттарды ұрлау арнасы жойылды. 20 кг жарылғыш зат тәркіленген.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Осыған дейін ҰҚК-нің жаңа қызметі бір айда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 17 қылмыстық іс қозғағаны туралы жаздық. 

Соңғы жаңалықтар