Украинаның Қазақстандағы елшісі ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесті

Бүгін ол облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесті, ал одан кейін жергілікті бизнес-қауымдастықтардың өкілдерімен кездесу өткізді.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Балмұқанов дипломатқа өңірдің инвестициялық әлеуеті жөнінде айтып берді. Ол сондай-ақ ақтөбелік кәсіпкәрлер украиндық әріптестерімен өзара іс-қимылға, атап айтқанда, түсті және қара металлургия, машина жасау, құрылыс, энергетика, медицина сияқты салаларда ынтымақтасуға мүдделі екенін атап өтті.
Марат Балмұқанов жүзеге асырылуы инвестицияларды қажет ететін бірқатар перспективалы жобалар туралы әңгімеледі. Олардың ішінде Қарғалы ауданындағы никель зауытының құрылысы, Мұғалжар ауданында жергілікті кеніштерден әйнек өндірісі, цемент, сантехника және санфаянс өндіру, таттанбайтын болат өндірісі, ауыл шаруашылығы мен машина жасау саласында да бірқатар жобалар бар.
«Ақтөбе арнайы экономикалық аймақ құрмақ, онда тиімді шарттармен украиндық кәсіпкерлер де жұмыс істей алады», - деді Марат Балмұқанов.
Өз кезегінде Украинаның Қазақстандағы елшісі Олег Демин Украина Қазақстанмен сыртқы экономикалық байланыстар көлемін кеңейтіп, ұлғайту міндетін алға қойып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ елші ұсынылған жобаларға зор мүдделілігін білдірді және өзара ынтымақтастықты жолға қою жұмыстары туралы әңгімеледі.
«Ынтымақтастық жолдарының бірі - украиндық компаниялардың Қазақстанда көмірсутектерін барлау, өндіруге қатысуы, қазір бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Украндық компаниялардың үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуы да жақсы бағыттардың бірі», - деді ол.
Олег Демин шағын және орта бизнеспен ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін атап өтті.