ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын жасырын басқару жүйесін құру туралы келісім заңмен бекітіледі

Осы келісімді заң түрінде бекіту үшін Үкімет Мәжілістің қарауына берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келісімнің мақсаты Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын жасырын басқару жүйесін құру болып табылады.
Құрылатын ҰҚШҰ күштері мен құралдарын жасырын басқару жүйесі ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық және ұжымдық қауіпсіздігіне төнетін қазіргі заманғы қыр көрсетулер мен қатерлерге барабар ден қою үшін бейбіт және соғыс уақытында ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Келісімде ұжымдық қауіпсіздік өңірлерінде біріккен әскерлер топтамаларын басқарудың жасырын жүйесін қалыптастыру, жұмыс істеу, басқару және дамыту тәртібі көзделген.
Келісімнің 10-бабына және «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы мамырдың 30-дағы Қазақстан Заңының 11-бабы 4) тармақшасына сәйкес осы халықаралық шарт ратификациялауға жатады.