14:41, 08 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Үлескерлердің проблемаларын шешуге қосымша 17,7 миллиард теңге бөлінеді - Қаржы министрі
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Үлескерлердің проблемаларын шешуге қосымша 17,7 миллиард теңге бөлінетін болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Қаржы министрі Болат Жәмішев айтты.
Министрдің атап өтуінше, аталған қаржы елордадағы «Гранд Астана» және Алматы облысындағы «Премьер» тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау үшін сәйкесінше 7 және 5,7 миллиард теңге көлемінде бағытталмақ. Сонымен қатар «Қосшы» ауылының инженерлік инфрақұрылымын дамыту жобасын одан ары жалғастыру үшін 1,9 миллиард теңге көзделіп отыр. Ал Алматы қаласындағы үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан тұрғын ауданның магистралдік желісін салуға 3,1 миллиард теңге бөлінеді.