Ұлыбританияда ең қымбат көлік нөмірі сатылмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Лондонда қарашаның басында RM Sotheby’s аукцион үйі «1F» мемлекеттік нөмірін саудаға шығарады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі.

Ұлыбританияда ең қымбат көлік нөмірі сатылмақ
Фото: Sotheby’s

Ұйымдастырушылардың бағалауынша, «Формула-1»-ді еске салатын бұл нөмір £800 мыңнан £1,2 миллионға дейін табыс әкелуі мүмкін. Егер сауда сәтті өтсе, «1F» Ұлыбритания тарихындағы ең қымбат автомобиль нөмірі атанбақ. Бұған дейінгі рекорд «25 O» нөміріне тиесілі болған, ол £518 мыңға сатылып, қазіргі таңда Ferrari LaFerrari суперкарында орнатылған.

Аукцион 1 қараша күні өтеді. «1F» нөмірі алғаш рет 1957 жылы Эссекс графтығында тіркелген. Сол уақыттан бері ол бірнеше эксклюзивті көліктерге, соның ішінде Ferrari 812 GTS моделіне орнатылған.

— Бірегей жеке нөмірлерге деген қызығушылық әлі де жоғары. Әдетте ең жоғары баға қысқа комбинациялар үшін төленеді, дегенмен қазіргі рекорд үш таңбалы нөмірге тиесілі. «1F» бұған дейін де ірі сомаға сатылған, сондықтан жаңа рекорд орнауы әбден мүмкін, — деді Daily Mail басылымына берген сұхбатында RM Sotheby’s компаниясының Ұлыбританиядағы сату жөніндегі директоры Шолто Гилбертсон.

Жеке нөмірлер нарығының көлемі — £2 млрд

Ұлыбритания бүгінгі таңда жеке (персоналды) нөмірлер сатылымы бойынша әлемдегі ең ірі нарықтардың бірі. Сарапшылардың бағалауынша, оның көлемі шамамен £2 миллиард.

Daily Mail мәліметінше, соңғы отыз жылда жеке нөмірлердің құны бірнеше есе өскен. Егер 1990-жылдары олардың бағасы £2–10 мың аралығында болса, қазір көпшілігі £50 мыңнан жоғары сатылады.

Кәсіби инвесторлар сирек кездесетін нөмір комбинацияларына жүздеген мың фунт салады. Мұндай инвестициялардың табыстылығы кейде сағат, зергерлік бұйым және классикалық автокөлік нарығынан да асып түседі.

Әлемдік рекорд — Дубайдағы «P-7» нөмірі

Алайда £1,2 миллион бағаланған британдық «1F» нөмірі әлемдік рекордқа жете алмайды. 2023 жылы Дубайда «P-7» нөмірі (онда тек «7» саны бейнеленген) 55 миллион дирхамға, яғни шамамен £12 миллионға сатылған.

Бұл көрсеткіш 2008 жылы дубайлық кәсіпкер Саид Абдул Гаффар Хури сатып алған «1» нөмірінен £5 миллионға қымбат. Ол нөмірін Rolls-Royce Cullinan және Mercedes G-Wagen көліктеріне орнатқан.

Бұған дейін алғашқы басылымдағы «Хоббит» кітабы аукционда рекордтық бағаға сатылған еді

Соңғы жаңалықтар