Ұлттық банк инфляция бойынша болжамды өзгертті: халықтың несиесі азаймай жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Комитет отырысы аясында инфляция мен экономикалық өсу бойынша болжамдарымыз жаңартылды. Сонымен қатар, ағымдағы макроэкономикалық процестер мен тәуекелдер балансының кешенді бағалауы жүргізілді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, экономикада инфляциялық қысым сақталып отыр. Ол сұраныстың кеңеюіне және оның қарқыны отандық ұсыныс мүмкіндіктерінен жоғары сақталуына байланысты. Қазанда инфляция тұрғын үй коммуналдық қызмет тарифтерін әкімшілік төмендету есебінен біршама баяулады. Алайда базалық инфляция айтарлықтай төмендемеді.
Осы орайда ол азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлардың инфляциясы өсуін жалғастырғанын айтты.
Сыртқы экономикалық конъюнктура сауда текетіресі мен геосаяси шиеленістер аясында белгісіздік жағдайында қалып отыр. Азық-түліктің әлемдегі бағасы да өте жоғары. Ал оның кейбір түрі — сиыр еті мен өсімдік майының әлемдік бағасы тоқтаусыз өсіп жатыр. Мұндай жағдайда тәуекелдің жиынтық балансы проинфляциялық жаққа ығысқан күйде қалды. Инфляциялық жағдайды тұрақтандыру және инфляцияны төмендету үшін ұзақ уақыт ақша-кредит шарттарының ұстамды қадамы талап етіледі.
Инфляция қарқыны
— Қазан айында жылдық инфляция қыркүйектегі 12,9 пайыздан 12,6 пайызға дейін төмендеді. Оған тұрғын үй коммуналдық қызмет тарифтерін әкімшілік төмендетуден сервистік инфляцияның қыркүйектегі 15,3 пайыздан 12,9 пайызға дейін баяулауы көбірек ықпал етті. Нарықтағы қызметтердегі баға біртіндеп баяулады. Азық-түлік инфляциясы, керісінше, 13,5 пайызға дейін өсті, қыркүйекте 12,7% болған еді. Оған кейбір азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі, импорт пен жанар-жағармай, көмір мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызмет бағасының өсуінен өндіріс өнімдерінің қымбаттауы себеп болды. Азық-түлiктің, соның ішінде еттің сыртқы нарықта тиiмдi сатылуына байланысты экспорттың артуы ел iшінде бағаға қысым жасап отыр, — деп түсіндірді ҰБ басшысы.
Бұдан бөлек, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11 пайызға дейін (қыркүйекте — 10,8%) өсті. Оған жанар-жағармай, дәрі-дәрмек бағасының өсуі мен экономикадағы тұрақты сұраныс ықпал етіп отыр.
Жалпы, қазанда айлық инфляция айтарлықтайбаяулап, 0,5% болды. Қыркүйекте ол 1,1% болған еді. Базалық инфляцияның да қарқыны қыркүйектегі 1,1 пайыздан 1 пайызға дейін баяу төмендеді. Соған қарамастан инфляциялық қысым әлі де жоғары. Жылдық есепте базалық инфляция 12,2% болды. Бұл өз кезегінде базалық инфляция үшін өте жоғары деңгей.
Халық тауарды көбірек сатып алуға тырысып жатыр
— Экономиканың өсу қарқыны жылдам десек болады. Биыл қаңтар-қазанда жалпы ішкі өнім өсімі 6,4% болды. Экономикалық белсенділікке шикізатқа жатпайтын салаларға инвестиция құю, мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы және ауыл шаруашылығындағы өнімнің жоғары көрсеткіші әсер етті. Экономикадағы секторлардың ішінде көлік пен қоймада сақтау, құрылыс, тау-кен өндірісі, өңдеу өнеркәсібі және сауда салалары жоғары өсім көрсетті. Халықтың нақты табысы төмендегеніне қарамастан, ішкі сұраныс тұрақты болып қалды. Бөлшек тауар айналымы кеңейіп, қазанда нақты мәнде 8,7%-ке жетті. Бұл көрсеткіш 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының өсуіне байланысты қалыптасуы мүмкін. Адамдар салық реформасы күшіне енгенге дейін тауарды көбірек сатып алуға тырысып жатқан сыңайлы. Саудадағы негізгі қозғаушы күш — азық-түлікке жатпайтын тауарларды сатып алу. Сонымен қатар, биыл тамыз-қыркүйекте қызметтерге де сұраныс өсті, — деді Тимур Сүлейменов.
Халық сұранысын арттырған негізгі тетік — тұтыну кредиті. Тұтыну несиесіне қойылатын талаптарды қатаңдатқан соң, кредиттеудің балама құралдары — микроқаржы ұйымдары мен ломбард қызметіне сұраныс артып келеді.
Атап айтқанда, инвестициялық белсенділік те биыл жоғары деңгейде: қаңтар-қазанда өсім 13,1 пайызға жетті. Инвестиция құрылымында бюджет қаражатының үлесі әлі де жоғары — шамамен 23%. Биылғы 10 айда бюджет қаражаты есебінен салынған инвестиция көлемі айтарлықтай артты. Ол 2024 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда, нақты мәнде 32,1 пайызға өсті.
Сыртқы инфляциялық қысым сезіліп тұр
Сыртқы факторлар ретінде әлемдік азық-түлiк бағасының өсуi және жаһандық экономикадағы перспективалардың белгiсiздiгiн атап өтуге болады. Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бас директоры (FAO) деректеріне қарағанда, қазан айында азық-түлік бағасының индексі астық, сүт өнімі, ет және қант бағасы индексімен қоса төмендей бастады. Ал өсімдік майы бағасының индексі 2022 жылғы шілдеден бастап рекордтық өсімге жетті. Еттің біршама арзандауына қарамастан, оның бағасы әлі де жоғары десек болады. Ал сиыр етінің бағасы бойынша өсім жалғасып келеді.
— Қазіргі жағдайларды ескерсек, базалық сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 60 доллар деңгейінде сақталды, — деді Тимур Сүлейменов.
Инфляция бойынша болжам қайта қаралды
ҰБ ақпаратынша, 2025 жылға инфляция болжамы өсу жағына қарай нақтыланып, 12-13% шегінде болуы мүмкін.
2026 жылға болжам 9,5-12,5 пайызға дейін кеңейтілді. Бұл өз кезегіндежоғары инфляциялық болжамға қатысты қайта қаралды. Атап айтқанда, 2027 жылға инфляция болжамы бұрынғы деңгейді сақталды. Оның 5,5-7,5 пайызға дейін баяулауы ескерілген.
Еске салсақ, осыған дейінгі болжамда 2025 жылы инфляция — 11-12,5%, 2026 жылы — 9,5-11,5% шамасында болған еді.
Инфляция болжамындағы қауіпкеішкі сұраныстың күшеюі, сыртқы инфляцияның қарқын алуы, жанар-жағармай мен қосымша құн салығы тарифтерінің реттелуінен туындайтын қайталама әсерлер жатады.
Белгісіздік факторларының бірі — экономикаға «Бәйтерек» ҰБХ АҚ» арқылы қаржылық қолдау көрсетілуі. Квазифискалдық қаражат ағынының көлемі инфляциялық қысымды күшейтіп, фискалдық шоғырландырудың әсерін ішінара теңестіруі мүмкін.
— Енді жалпы ішкі өнімнің өсу болжамына тоқталып өтейін. 2025 жылға арналған болжам алдыңғы болжамды нақтылай отырып, 6-6,5 пайызға дейін жақсарды. Бұл мұнай өндірісіндегі қарқынның, тұтынушылар сұранысының және инвестициялық белсенділіктің жоғары болуына байланысты. 2026 жылға болжам 2025 жылдың жоғары базасын, салық-бюджет реформасы мен бюджеттік шоғырландыру аясында тұтынушылар сұранысының қалыпты мөлшерін ескергенде 3,5-4,5 пайыз болды. 2027 жылы экономикадағы өсім 4-5% аралығында болады деп қарастырылды. Бұл алдыңғы болжамнан біршама жоғары. Экономика инвестициялық белсенділіктің кеңеюіне және мұнай секторының оң динамикасына байланысты өседі, — деді Ұлттық банк төрағасы.
Базалық мөлшерлеме 2026 жылдың ортасына дейін төмендемейді
Жалпы, экономикада проинфляциялық қысым сақталып отырғанын атап өуге болады. Осы орайда Ұлттық банк инфляциямен күресте барлық қажет шараларды қабылдауға дайын.
— Бұған дейін қабылданған базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім мен Үкіметтің коммуналдық қызметтер тарифтерін қайта қарау шаралары базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Дегенмен инфляция тәуекелдері жоғары болып қала береді. Инфляцияның төмендеуіне сенімділік тек ұзақ мерзімді тұрақты баяулауы кезінде ғана мүмкін болады, — деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, Ұлттық банк инфляцияның баяулау қарқынын, ішкі сұранысқа реакцияны және бағаның өсуін төмендету бойынша Үкіметпен бірлескен шаралардың тиімділігін бағалауды жалғастырады.
— Дегенмен Ұлттық банк қазіргі уақытта 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін көріп отырған жоқ. Бұл ретте инфляцияның жағдайы, базалық инфляция динамикасы және тарифтік әрі салық реформаларының кейінге қалдырылған әсері ескеріліп отырып. Инфляцияның баяулауына тұрақты үрдістің сенімді белгілері болмаған жағдайда, ақша-кредит шарттарын қатаңдату мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды, — деді ҰБ басшысы
Бұдан бұрын хабарланғандай, 28 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтады.
Еске салсақ, биыл 10 қазанда базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылданған еді.