Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін көтереді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инфляцияны 6-8%-дық нысаналы дәлізде ұстап тұру үшін базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.
None
None

«Өтімділікті беру бойынша тұрақты қолжетімділік операциялары бойынша мөлшерлеме тиісінше - 17%, өтімділікті алу бойынша тұрақты қолжетімділік операциялары бойынша - 15% болды.

Ұлттық Банк пайыздық мөлшерлемелердің құбылмалылығын төмендету және нарыққа нақты белгі беру үшін ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлемелердің дәлізін ±1 п.т. дейін тарылту жөнінде шешім қабылдады», - делінген Ұлттық Банктің баспасөз хабарламасында.

Әлемдік экономиканың өсу қарқындары негізінен АҚШ және еуроаймақ экономикасын қалпына келтіру салдарынан қалыпты болып қалуда. Сонымен бірге дамушы елдерде баяулау ғаламдық экономика өсуінің оң әсерін бәсеңдетеді. Қытайдағы, сондай-ақ басқа да дамушы елдер экономикасының бәсеңдеуі әлемдік қаржы нарықтарында жақында орын алған турбуленттілікке және шикізат тауарларына бағаның одан әрі құлдырауына әкелді. Ресейдегі рецессияның тереңдеуі де дамушы экономикалардың өсу болашағын бәсеңдетеді. Федералдық Резервтік Жүйе өзінің базалық мөлшерлемесін өзгеріссіз қалдырды, алайда мөлшерлемелер жылдың аяғына дейін көтерілуі мүмкін. Бұл капиталдың дамушы нарықтардан айтарлықтай кету қаупін және Қазақстан экономикасының өсу болашағының айқынсыздығын арттырады.

Қазақстанның ІЖӨ өсуі 2015 жылғы бірінші жартыжылдығында шикізат тауарларына бағаның құлдырауынан экспорттың күрт төмендеуі нәтижесінде баяулады. Импорт халықтың нақты ақшалай кірістерінің төмендеуінен ішкі сұраныстың қысқаруы кесірінен төмендеді.

Инфляция 2015 жылдың басынан бастап импорттық бағалардың қысқаруы және ішкі экономиканың баяулауы нәтижесінде төмендеді. Алайда бюджеттік ынталандыру және мемлекеттік инвестициялар экономиканың негізгі секторларының дамуына және ортамерзімді болашақта экономикалық өсуді қолдауға ықпал ететін болады.

«Жақындағы теңгенің еркін айырбастау бағамына өтуі және оның құнсыздануы қысқамерзімді перспективада инфляцияның Ұлттық Банк белгілеген нысаналы деңгейінен өсіп кету қаупін ұлғайтады. Сонымен қатар валюта нарығында теңге бағамының жоғары құбылмалылығы байқалды, ол инфляциялық болжамдарға теріс әсер етуі мүмкін. Соған қарамастан, ортамерзімді перспективада ағымдағы ақша-кредит саясатын іске асыру инфляцияны нысаналы деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Экономикалық деректерді және өсу перспективаларын назарға ала отырып, Ұлттық Банк инфляцияны 6-8%-дық ортамерзімді нысаналы дәлізде ұстап тұру үшін базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар