Ұлттық қор мен «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қатысты модернизациялау жөніндегі комиссия құрылады

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барасында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.
Жиын барысында депутаттардың сауалына жауап берген Премьер-Министр бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Ұлттық қоры мен «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мәселелеріне арналған кеңес өткізгенін атап өтті.
«Онда бірнеше нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, аталмыш қорларға қатысты модернизациялау жөніндегі комиссия құрылатын болды. Ол комиссияны Премьер-Министр басқарады. Сондай-ақ, осы комиссия арқылы Үкімет қорлардың қаржысының жұмсалуын қадағалайды», - деді К. Мәсімов.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы аталған комиссия құрамына депутаттарды да енгізу қажеттігін айтты.