Ұлттық қордан «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттың 68 пайызы игерілді - Е. Досаев

Соның ішінде ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 523,7 млрд. теңге немесе жылдық жоспардан 68 пайызы игерілді. Бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің жетекшілігімен өтіп жатқан Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бюджеттік инвестициялық жобаларға және «Самұрық Қазына» АҚ-ның капиталдандыруына бағытталған 492 млрд. теңге көлеміндегі республикалық бюджеттің нысаналы трансферттерінен 348,9 млрд. теңге немесе 71 пайызы игерілген. Ал 277 млрд. теңге көлеміндегі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның облигациялық қарыздарынан 174,8 млрд.тенге (63 пайызы) игерілген. «Бағдарламаның «Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша 15 жоба жүзеге асуда, оның автокөлік жолдары саласында - 11 жоба, темір жол саласында - 2, су және әуе жолдары көлігінде - 2 жоба жүзеге асуда. Шұғыла принципі бойынша «Нұрлы Жол-Оңтүстік», «Нұрлы Жол-Шығыс», «Нұрлы Жол-Батыс» және республикалық маңызы бар жолдардың басқа да бағыты бойынша 178 млрд. теңге бөлінсе, 1 қарашада игерілгені 138 млрд.теңге (78%). 390 шақырым жол жаңғыртылып, салынды. Инвестициялар және даму министрлігі жыл соңына дейін 40 млрд. теңгені игеруі керек», - деді Е. Досаев.