Ұлттық жоспар бейбітшілік пен келісімді одан әрі қарай нығайтуды көздейді - Арыстанбек Мұхамедиұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылды - Қазақстан халқы Ассамлеясының жылы деп жариялағаны мәлім. «Қазақстан халқы Ассамблеясы барша халықты Конституцияға дауыс беруге шақырған тұңғыш институт болатын. Мен мұны еш ұмытпаймын, осыған дән ризамын. Сондықтан да келесі 2015 жылды - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялаймын», - деді Н. Назарбаев.
None
None

Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, Ассамблеяның және Конституцияның 20 жылдығы мерейтойын өткізу бойынша ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, Қазақстан халқының форумын өткізуді жүктеді. Бүгін өткен Үкімет отырысында Елбасының бұл тапсырмаларын орындау мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Министрлер кабинеті отырысының қорытындысы бойынша Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстармен бөлісті.

«Бүгін Үкіметте Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясында берген тапсырмасын орындау бойынша мәжіліс өтті. Отырыс барысында Мәдениет министрлігі Елбасының тапсырмасын іске асыру тұрғысында өз ұстанымын ұсынды. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын және ҚР Конституциясының жиырма жылдығын өткізу бойынша ауқымды іс-шаларды ұйымдастыру мақсатында Жалпыреспубликалық Ұлттық жоспар әзірленетін болады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылға жоспарланған барша шаралар Ассамблеяның, Қазақстанның Ата Заңының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы сынды атаулы күндер аясында өтеді.

«Ұлттық жоспар ел азаматтарын ұйымдастырудың және ұлысаралық бейбітшілік пен келісімді одан әрі қарай нығайтудың тетігі болып табылады. Аталған жоспар тек республикалық деңгейдегі шараларды ғана емес, сонымен қатар жергілікті деңгейдегі, яғни облыс орталықтарында, аудан, қала және ауылдық жерлерде арнайы іс-шараларды қамтитын болады», - деді ведомство басшысы.

Белгілі болғандай, Ұлттық жоспар бес блоктан тұрады. Атап айтқанда, бірінші блок - жоспарды тиімді орындауға қажетті ұйымдастырушылық-әдістемелік шаралар - қаржылық қамтамасыз ету, қосымша құжаттарды әзірлеу сияқты шаралар кешенінен тұрады. Екінші блок - мәдениет, ғылым, әлеуметтік сала және бизнес сияқты түрлі салаларды қамтитын коғамдық-бұқаралық кең ауқымды шаралардан тұрады.

Министрдің сөзінше, үшінші блокта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қамтылған. Онда этникалық бұқаралық ақпараттың құралдарымен жұмыс істеуді, деректі фильмдерді, имидждік материалдарды шығаруды және интернет желісімен жұмыс істеуді қамтиды.

Ал төртінші блок - Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мен Конституцияның 20 жылдығын ғылыми-сараптамалық сүйемелдеуге бағытталып, Ассамблея мен еліміз Ата Заңының мемлекет пен қоғамды үйлесімді әрі тұрақты дамытуды қамтамасыз етудегі рөлін саралаудан тұрады. Соңғы бесіншісі - халықаралық деңгейде өтетін шараларды біріктіреді. Халықаралық қауымдастықпен өзара іс-қимылға, шет елдерге этносаралық татулық пен келісім бойынша қазақстандық тәжірибені, Ассамблея құру идеясын таратуға бағытталған жұмыстарды жалғастыру қажет.

«Мемлекет басшысы өте дұрыс атап өткендей, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің халықаралық байланыстарын бизнеске, ғылым мен әлеуметтік салаға және қызмет көрсету саласына инвестициялар мен жаңа технологиялар тартуға пайдалану қажет. Мысалы, осы бағыт аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) мүше мемлекеттер арасында «Астана - татулық пен келісім қаласы» атты халық музыкасы фестивалін өткізуді ұсынамыз», - деді А. Мұхамедиұлы.

Мұнымен қоса аталған жоспар аясында Достық үйлерінің маңыздылығы да назардан тыс қалмайды. Қазіргі кезде елімізде он Достық үйі жұмыс істеуде, оның тоғызы өңірлік және біреуі - республикалық. Елбасының тапсырмасына сәйкес, алты өңірде, яғни Астана қаласында және Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында Достық үйлерінің арнайы ғимараттарының құрылысы бойынша жұмыстар жүруде. Биылғы жылы «Достық үйлерін дамыту» тұжырымдамасы бекітіледі деп күтілуде.

Мәселен, Алматыдағы республикалық «Достық үйі» базасында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік мекеме құрылады. Осы тектес ұстаныммен кіші ассамблеялар жұмысын қамтамасыз ететін өңірлік мекемелер құрылатын болады.

Атап айтқанда, Мәдениет министрлігі Қазақстан халқы форумын 2015 жылдың 1 наурызында өткізуді ұсынып отыр. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан халқы форумы өткізіледі. Оны ұйымдастыру датасы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қалыптасқан күнді, яғни 1 наурызды белгілеуді ұсынамыз», - деді министр.

Айтпақшы, Ұлттық жоспар аясында Мәдениет министрлiгi Қазақстан Президентiнiң бейбiтшiлiк пен келiсiмге қосқан үлесi туралы деректi фильм түсiрудi алға тартып отыр. «ҚР Тұңғыш Президентiнiң тәуелсiздiк жылдарында ұлысаралық бейбiтшiлiк және келiсiмге қосқан үлесiне және Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясына төрағалық етуiне 20 жыл толуына арналған деректi фильм түсiрудi ұсынамыз», - дедi ведомство басшысы. Оның айтуынша, фильмнiң таныстырылымы 2015 жылы 1 желтоқсанда - ҚР Тұңғыш Президентi күнiне орай өткiзiлетiн болады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум