Ұлтымыздың алтын қазығы ауыл өмірін жақсарту - басты міндетіміз

АСТАНА. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат /Бейбіт Тоқтарбай/ - Ауыл - қазақтың негізгі күретамыры. Ұлт руханиятының ошағы да содан бастау алады. Салт, дәстүр, мәдениеттің сарқылмас мол қоры ауылдарымызда сақталып келеді. Көпті көрген көнекөз қарттарымыз ауылда жатып-ақ ұлт болашағы үшін ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуда. Атасы мен әжесінің тәрбиесін көрген қарадомалақтар ұлт мәдениетінің мөлдір тұмасынан сусындайды.
None
None

Өркениетті қоғамдағы қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін де осы ауылдықтар.
Қазақстан халқының 47 % ауылдық жерлерде тұрып жатқандықтан, мемлекет тарапынан бұл салаға көптеп көңіл бөлініп отыр. Мәселен, оған дәлел ретінде 2002-2005 жылдардағы «Ауыл жылы», 2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аумақтарды дамыту» секілді мемлекеттік бағдарламаларды атауға болады. Сонымен қатар «Дипломмен - ауылға» жобасы да жас мамандарды ауылға тартып, орталықтан шалғай елдімекендерді көркейтудің бірден-бір жолы.

Ұлттық халық санағының ресми дерегі бойынша, соңғы 10 жылда ауыл халқының саны 12 пайызға өскендігі белгілі болды. Бұл - әрине көңілге жұбаныш ұялататын дерек. Салыстыру үшін айта кетсек, 1999 жылы ауыл тұрғындары республика халқының 43,6 пайызын құраған болатын. Ауылдық жерлердегі тұрғындар санының артуы сөзсіз мемлекеттің атқарған істерінің оң нәтижесі деп айтуға әбден болады.

Нарықтың нар көтермес ауыр жүгі ең әуелі ауылдарымызға салмақ салды. Жекешелендіру кезіндегі талан-таражда бұрынғы колхоз бен совхоз қарамағындағы халық дәулеті пысықтардың қолында кетті. Мал мен жерді жекешелендіріп алған кейбір жаңа қожайындар нарық заңын толық игере алмай титықтады. Ауылшаруашылығы саласының тозығы жеткен техникасы өндіріп жұмыс жасап, мол өнім алуға мүмкіндік бермеді. Ауылдағы мәдениет үйлері мен кітапханалар, балабақшалар бірінен соң бірі жабылып, қара құлыппен мықтап бекітілді. Ал орталықпен байланысатын жолдары қырық тесік болып күрделі жөндеуді күтіп тұрды. 1990 жылы жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 34 пайыз болса, 2004 жылы бұл көрсеткіш болжам бойынша 7,7 пайыз мөлшеріне дейін төмендеген.

Осы бір қордаланған мәселелерді ретпен шешу үшін мемлекет кешенді жобалар мен бағдарламалар жасап, біртіндеп қалпына келтіре бастады. Ауыл тұрғындарының 22 пайызы ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп, күнін көреді. Олардың көбісі атадан балаға жалғасқан дәстүрлі кәсіп көздерімен айналысуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев әрбір жылдары халыққа арнаған жолдауларында алтын бесік ауылды заманға лайық дамытып, өркендетудің маңызын айтумен келеді. «Қазақстанның ауыл шаруашылығы еліміздің экономикалық және әлеуметтік өмірінде айрықша орын алады. Егер ауыл - республика экономикасы дамуындағы маңызды фактор болса, ауыл халқы - еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығының факторы болып есептеледі», - деген болатын Елбасымыз. 2002-2005 жылдары жобаланған «Ауыл жылдары» аясында жүргізілген кешенді жұмыстарға дейін кейбір орталықтан шалғай елді мекендердің жағдайы ауыр деңгейде болды. Елбасы бастамасымен қолға алынған ауқымды еңбектер нәтижесінде біраз мәселе оң шешім тапты. Ауыл жылдарында - жол, ауыз су, мектеп, аурухана құрылыстарын жүргізуге - 2003 жылы шамамен - 40 млрд., 2004 жылы - 50 млрд., 2005 жылы 55 млрд. теңге мемлекет қазынасынан бөлініпті. Ауыл жылдары мемлекет тарапынан атқарылған істің бас аяғы бұл ғана емес. Халықтың амандығы әрқашанда алдыңғы орында тұратыны айтпаса да түсінікті. Ауыл тұрғындарының дені сау, салауатты өмір кешуі үшін де жоспарлы жұмыстар межеленуде. Мәселен, республикалық бюджеттен 28 денсаулық сақтау объектісін салуға 5,7 млрд. теңге, оның ішінде «100 аурухана» жобасының шеңберінде 22 объектіге 5,1 млрд. теңге бағытталды. Халықтың рухани-мәдени өмірі де назардан тыс қалмақ емес. Қазір жер-жердегі мәдениет үйлері өз жұмыстарын қайта жаңғыртып, әрбір мереке сайын кешенді ойын-сауық ұйымдастыруда. Осы жылы «Жол картасы» шеңберінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан мәдениет нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 315 жоба іске асырылмақ. Оның құны 2 179 863 мың теңге көлемінде.

Бұл цифрлар қордаланған көп мәселені түгелдей дерлік шешіп тастамағанымен біраз жұмыстың атқарылғанынан хабар береді. Алыс ауылдық аймақтарда коммуналдық желілерді қайта жарақтандыру, сумен, жылумен қамтамасыз ету, жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын салу, қайта жөндеу сияқты шешімін таппай отырған мәселелер әлі де бар екені рас. Бірақ, ауыл шаруашылығына беріліп отырған дотацияның жылдан-жылға көтеріліп отырғанына қарағанда, бұл мәселер де шешім табар күн қашық емес.

Қазір көптеген жас өзіне лайықты жұмыс іздеп қалаға қарай бет түзейді. Орталықтан шалғайда орналасқан ауылды жаңа ғасыр талабына сай дамыту үшін бүгінгі күннің жас мамандары қажет екені белгілі. Сондықтан да мемлекет «Дипломмен - ауылға» жобасы арқылы біраз мәселені шешуді көздеп отыр. Мұнда жастар ең әуелі өз мамандығы бойынша қызметке орналасса, екіншіден, жолдамамен барған жастар ауылдық жерлерден мемлекеттің көмегімен баспаналы болуға және бірреттік жәрдемақы алуына мүмкіндігі бар. Бағдарлама жүзеге асқаннан бері ауылдық жерлерге 6000-нан астам жас маман қызметке орналасыпты. Биылғы жылдың өзінде мемлекет 4000 жасты аталмыш жоба бойынша ауылдарға тартуды көздеп отыр. Бұл болашақ үшін атқарылып жатқан келелі істің бастамасы болар. Ауылға жолдама арқылы бет түзегендердің қатарын педагогтар, дәрігерлер, мәдени қызметкерлер, халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлері құрайды.

«Жол картасы» бағдарламасы бойынша да көптеген ауыл тұрғындары қайта даярлау курстарынан өтіп, екінші маманды болды. Бұл нарықтың қатал заңына бейімделудің бірден-бір жолы. Осы жоба аясында көптеп жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздықтың кең етек жаюына тосқауыл қойылды.

Қазақстан жерінің кеңдігі, климатының ыңғайы агроөнеркәсіпті дамытуға сұранып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 127 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Ауылшаруашылығының біраз шағын кәсіпорындары арзан өсіммен несие алуға құлықты. Биылғы жылы «ҚазАгро» холдингі тарапынан ауылшаруашылығын дамытуға 250 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінбек. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ шағын және орта бизнесті қолдап несие беріп келеді. Коммерциялық банктер сияқты өсімі де қымбат емес. Кепілдікке ауыл шаруашылығы техникалары мен жер телімдерін ала береді. Біздің ел үшін ауыл шаруашылығын тиімді дамыта білсек, азық-түлік қауіпсіздігін сақтап қана қоймай, үлкен нарыққа еркін шығуға мүмкіндігіміз бар. Бұл жөнінде бір сөзінде Елбасы былай: «Қазақстанның айналасында Ресей, Қытай және Орталық Азия мемлекеттері секілді ұланғайыр нарықтық тұтынушылар бар екенін әрдайым естен шығармаңыздар. Бұл елдердегі халық саны біздің жұртымыздан әлденеше есе көп екенін де ұмытпаған жөн. Бұл дегеніңіз - біздің нарық жағдайындағы мол мүмкіндігіміздің кепілі», - деген болатын. Иә, егер уақыт талабына сай аграрлық шаруашылықты дамыта білсек, алдымызда сұранысы мол үлкен нарық күтіп тұрғаны да рас. Биыл Қазақстанның ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылдағымен салыстырғанда 1,6 млн гектарға артып, барлығы 21 миллион 600 мың гектарға жеткен көрінеді. Бұл жетістікке жету үшін мемлекет бөлген қаражаттың әсері болғаны белгілі. «ҚазАгро» Ұлттық Холдингіне қарасты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ шаруаларды қолдау мақсатында несиелер беруде. Соңғы 3-4 жыл көлемінде ауыл халқы агроөнеркәсіп кешенін қолдау институттары ұсынған несиелерді барынша тиімді пайдалануда. Бір өкініштісі 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджетте агроөнеркәсіп кешеніне қолдау жасау институттарына бөлінетін қаражат күрт қысқартылған. Мысалы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на алдағы үш жылда тапсырыстың 25 % ғана (29,4 млрд) құрайтын қаражат бөлінген. Бұл мәселемен жақсы таныс азаматтар алаңдаушылығын білдіруде. Мәселен, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуде және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруда қиындықтар тудыруы мүмкін дейді. Сонымен қатар агроөнеркәсіпті заман сұранысына сай дамытуға да кері әсер етпек. Қазіргі уақытта Қазақстан ауылшаруашылығын тұрақты түрде дамыту үшін ауылшаруашылығы банкін құру керек деген пікірлер де айтылуда.

Ауыл шаруашылығын әлеуеті мықты қарқынды деңгейде дамыту үшін мал шаруашылығына да мән берген жөн. Қазіргі уақытта бұл саланың өнімі мүлде сыртқа шығарылмайды. Қазақстан жері - бұрынғы атам заманнан бері қарай бес түлік мал өсіріп, оны негізгі кәсіп ретінде пайдалануға мүмкіндік тудырып келген өлке. Сондықтан да бұл саланы қалай да қолға алып, заманға лайық дамытып жетілдіру қажет. Өнімін экспорттауға жол ашсақ, тұтынушы нарық та жақыннан табылары сөзсіз. Әрі бұл Қазақстан үшін жақын болашақта атқаруға тиісті міндетті жұмыс болмақ. Еліміз 2009 жылы не бары 300 тонна ғана ет экспортқа шығарған. Ал мұны салыстыру үшін айтар болсақ, 1990 жылғы шығарылған ет көлемінен 615 есеге аз көрінеді. Қазақстан мал шаруашылығы бойынша Кеңес уақытында алдыңғы шепте болған. Қазір республикаға қарасты малдың 85 пайызы жекеменшік иелігінде екен. Мамандардың айтысына қарағанда бұл жағдаймен экспортты былай қойғанда ішкі тұтыну мен азық түлік қауіпсіздігін де қаматамасыз ете алмайтын көрінеді. Сондықтан да шағын және орта бизнес өкілдері бірлесе отырып бәсекелестік деңгейінде жұмыс істеуге тура келеді. Бүгінде елімізде 6 миллионнан астам ірі қара, 17,5 миллион қой, 1,5 миллионға жуық жылқы, 155 мың түйе, 33 миллион құс, сондай-ақ 1,3 миллион шошқа бар. Бұл көрсеткіштер 2000 жылдардың деңгейімен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Ал ірі қара малдардың 5,6 пайызы ғана асыл тұқымдылар қатарына жатады. Дамыған елдердің асыл тұқымды малдарын бізбен салыстырып айтар болсақ 10 есе жоғары. Осы түйткілдерді шешу мақсатында мемлекет алдағы уақытта мал шаруашылығына көбірек көңіл бөлуді көздеп отыр. Егер мүмкіндігін дұрыс пайдаланған жағдайда бұл сала өсімдік шаруашылығынан ешқандай кемдігі жоқ екені белгілі.

Мемлекеттің кешенді жобаларының нәтижесінде ауылдық жерлердегі шешімін таппай келген біраз мәселе оң бағыт алуда. Ұлтымыздың алтын қазығы ауыл өмірін жақсарту барша қазақстандықтардың басты міндеті саналмақ. Ауыл мен қазақ тағдырын екіге бөліп қарауға болмайтыны өз-өзінен түсінікті. Сондықтан да ауыл жайындағы толғаныс - ұлттың болашағы жөніндегі іс-әрекет деп түсінген абзал. Ауылдарымызға кешеуілдеп жеткен өркениетті мемлекет барынша жоспарлы түрде жобалап, арнайы межемен игеруге құлшынып отыр. Ұлттық мәдениет пен руханияттың негізгі тінін сақтай отырып, оны одан әрі дамытып болашаққа жеткізу, жаһандық өркениетке қосылар жолдың бастамасы. Ал ауыл шаруашылығы саласын заманға лайық технологиямен жасақтап жаңғырту ел экономикасына үлкен күш болып қосылары сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар