Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті: қостанайлық ардагер Мария Маковецкаяның Жеңіске қосқан үлесі
Сонымен, біздің кейіпкеріміз өз тағдырын өзі белгіледі, өйткені майданға еріктілер қатарында аттанды.
Ол сияқты қыздар 1942 жылы отыз адам болды. Олар санитарлар курсын аяқтап, 2-ші Қиыр Шығыс дивизиясының 97-ші бөлек медициналық-санитарлық батальонына бөлінді. Дивизия бөлімшелері манчжур шекарасының үлкен аумағын қамтыды. КСРО мен Жапонияның ресми қатынастары тату көршілікте болғанына қарамастан, жағдай ширығып тұрған болатын, сондықтан да кез келген сәтте соғыс өрті тұтанып кетуі мүмкін еді.
«Біздің Үшінші Қиыр Шығыс майданын жауынгерлер «аштық майданы» деп атады», - деп еске алады Мария Андреевна. - Күнсайынғы сарбаз нәпақасы 200 грамм нан мен жартусыз тамақ болды... сондықтан біз жараланғандармен қатар, аштықтан әлсірегендерді де күтімге алуға мәжбүр болдық».
Майдан «тылында» да дәрі-дәрмек жеткіліксіз болды және тіпті 1945 жылдың жеңісті мамырында да жағдай оңалып кете қойған жоқ. 45-тің тамызында Жапониямен шекарада ұрыс қимылдары басталғанда Мария Маковецкая қызмет ететін далалық медсанбатты пароммен Амур арқылы өткізді. Дәрігерлер шатырларға орналасты, ол алғы шептен біржарым шақырым жерде тұрған еді. Жаралылар үздіксіз жеткізіліп жатты...
«Бірде бізді жапондықтар қоршап алды және пулеметтен оқ жаудырды, - деп әңгімелейді М.Маковецкая. - Қару ұстауға жаратын жаралылар да қолдарына винтовка алды. Медиктер де қарап тұрмады. Біз хирург пышағымен қаруландық - бізде одан басқа қару болған жоқ. Ұрыссыз берілмеуге бел байладық. Бағымызға қарай, дер кезінде көмек келіп жетті...»
Жапониямен соғыс қалай тұтқиылдан басталса, солай тез аяқталды. 1945 жылғы сәуірдің 27-сінде Марияны Кеңес Армиясы қатарынан медицина қызметінің ефрейторы атағымен босатты. Ерікті майдангер қыздың соғыс жолы осылай аяқталды.
Қостанайға оралғаннан кейін М.Маковецкая қалалық комсомол комитетінде, одан кейін - ішкі істер басқармасында және төлқұжат үстелінде қызмет атқарды. Ішкі істер органдарында отыз жылға таяу уақыт жұмыс жасап, 1979 жылы құрметті демалысқа шықты.
«Біраз ғұмыр кешкен менің бүгінгі жас ұрпаққа айтарым: бұл Жеңістің бізге қандай қымбатқа түскенін және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің біздің еліміз тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүруі үшін қаншама қажыр-қайрат жұмсағанын ұмытпаңдар. Тіпті қарапайым санитарлардың өзі болашақ үшін қызмет етті, өмір босқа өткен жоқ», - дейді ардагер.
М.А.Маковецкая Отан соғысы орденімен, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімімен Кеңес Одағының Батыры Г.К.Жуковтың медалімен марапатталды. Дегенмен, оның басты бақыты - екі баласы мен төрт немересі, сондай-ақ талай сарбазды өлімнен арашалап қалған қарапайым еңбегі.