Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті: Майдан өмірі жайлы ақтөбелік ардагер Ахмет Бейсеналин еске алады
«Мен Ақтөбе облысы Қарабұтақ, қазіргі Әйтеке би ауданынан әскер қатарына шақырылдым. Соғыс жайлы маусымның соңына таман білдік, ол кезде ауылда радио, теледидар атымен жоқ, пошта аптасына бір-ақ рет келетін. Алғашқыда әскери мамандар шақырылып, бір жылдан кейін бізді де алып кетті», - деп еске алады ол.
Сержанттарды дайындайтын полк мектебінде 9 ай оқыған Ахмет 1943 жылы Воронеж майданына аттанады. 2-ші Украин майданының құрамында ол Днепрден өтіп, Молдавия мен Румынияны жау әскерінен азат етті, кейін 1-ші Белорус майданының қатарында Польша жерінде шайқастарға қатысты.
«Соғыста қауіпті жағдайлар аз болған жоқ, бірақ мені құдайдың өзі сақтап жүрді, - дейді ардагер. - Румынияның Яссы қаласын азат етуіміз әлі есімде. Біз басқа бөлімнен ауысып келген едік. Түнде бомбының астында қалған қалаға келіп жата салдық. Таңертең тұрып қарасам, қасымда жарылмаған бомба жатыр. Сол күні тірі қалғанымның өзі - бір ғажап».
Кеңес әскерлері бұл қаланы төрт рет алып, төрт рет немістерге берген екен. Мерт болғандарды, көмуге де уақыт болмай, өліктерді траншеяға үйіп жерлейтін.
Ахмет Бейсеналин өмірінде тағы бір қатерлі кезеңді басынан өткерді. 1944 жыл. Ахметтің әскери бөлімі алғы шепке шығарылып, шабуылға дайындық жүргізілді. Таңғы 6-да шешуші дайындық өтіп, екі сағаттан кейін «Шабуылға» деген ракеталық бұйрық берілуі тиіс еді.
Біз шабуылға көтеріліп, оқ жаудыра бастадық, күтпеген жерден жаудың бекінісіне басып кірдік. Жаудың тылын алуға бұйрық берілді, атыс барысында төрт жауынгер болып бомбы жарылғаннан жердегі қуыста бас сауғаладық. Бір мезетте күтпеген жерден неміс жауынгері бізге бомба лақтырды, екеуміз қашып үлгердік те, екі жауынгеріміз сол жерде жанын тапсырды.Тұман мен түтіннің арқасында жаудан құтылдық та, кеңес әскерінің тобына жетіп үлгердік. Подполковник айнала қорғануға бұйрық беріп еді сол мезетте танкілер де көмекке келіп жетті. Жаяу әскер мен танкілер біріккенде, қандай алып күш екенін біреу білсе, екіншісі біле бермейді. Біз жараланған күйі орнымызда қала бердік.
Мұнымен ұрыс тоқталған жоқ. Ахмет пен досы жалғыз қалғанына қарамастан, алдарынан шыққан 30 шақты неміс жауынгерінің көзін жойды.
«Бұдан кейін тылға аттандық. Кенеттен жаяу жүргіншіге тап болдық, өзіміздікі сияқты, бірақ қаруы да, шендік белгісі де жоқ. «Қарсы барлау», - деп сыбырлады досым. Әлгі адам бізге қарады да айтты: «Қаруларың бар екен (ол кезде қарусыз өз әскеріңе келуге болмайтын еді), біздерге барыңдар,бұл арадан алыс емес».
Санитарлық бөлімшеде екі жауынгерге кешке қарай көмек көрсетілді, өйткені қатты жараланғандарды емдеу мен мерт болғандарды жерлеу міндеті маңыздырақ болды.
Жараланғандар мен санбат ұжымын 3 машинаға отырғызды, ал тағы 30 жаралы жауынгер көлікке сыйған жоқ. Оларды ертең келетін көлік әкететін болды. Менің де олармен бірге барғым келді. Бірақ тағдырдың жазуы басқаша екен. Ертеңіне жараланған жауынгерлерді әкеткен машиналар жау қолына түскені белгілі болды. Немістер ешкімді аямапты. Мен де солардың арасында болуым ғажап емес еді, - деп еске алады Ахмет аға. - Таңертең бізге кез келген бөлімшеге жаяу барып қосылуды бұйырды, Біз оны орындадық.
Соғыстан кейін Ахмет Бейсеналин туған ауылы Бөгетсайына оралды. Ол Қарабұтақтың егін сақтайтын қоймасының меңгерушісі, аудандық халық сотының хатшысы, колхоз есепшісі, Сталин атындағы совхоз есепшісі қызметтерін атқарды. Зейнетке совхоздың бас есепшісі қызметінен шықты. Ағамыз 2 ұл, 5 қыз өсіріп, 2 немере мен 2 шөберенің қызығын көрді. «Біз ұлдың ұрпағын ғана есепке аламыз» деп қосты ардагер.
Ахмет Бейсеналиннің сөзіне қарағанда, қазір ол өміріндегі ең жақсы кезеңді басынан өткеріп жатыр. «Біздің көргенімізді жас ұрпақ көрмесін. Қазақтың бір нақылы бар «Жас кезіңде бейнет, үлкейгенде зейнет» деген. Біздің өміріміз міне осындай болды» - дейді ақсақал.