Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті: сержант Николай Волковтың әскери жолдары
65-ші әскердің құрамында оның батареясы фельдмаршал Паулюстың неміс әскерін қоршауға алуға қатысты. №8-ші павлодарлық мектептің түлегі Сталинград майданында жаумен алғаш бетпе-бет шайқасты.
- Николай Петрович, мектеп түлектері кешін өткізе саласымен бірден соғысқа аттандыңыз ба?
- Менде түлектер кеші болған жоқ. Оныншы сыныпта оқып жүргенімде соғыстың алғашқы жылы жүріп жатты. Жыл бойы әскери істен дайындықтар болды - окоптар қаздық, осы кезде мен пулеметті игеріп алдым. Аттестатты қолыма алуыма аз ғана қалып еді, мамырдың 19-ы күні майданға шақырту алдым. Таңертеңгілік әскери комиссариатта болуым қажет болды.
Тамыздың 15-і күні Орынборға келдік. Онда біздің 333-ші атқыштар дивизиясы жасақталып жатты, зеңбіректерімізді алдық, мен кіші сержант дәрежесінде зеңбіректерді нысанаға бағыттаушы болдым. Бірақ әскери іске мен бірден араласқан жоқпын - себебі алғашқы «әскери тапсырмам» қой бағу болды... Екі шопанмен бірге Қазақстаннан жөнелтілген отар қойды бақтым.
Қарашаның 7-сіне қараған түні қағылған дабыл бойынша Донның арғы бетіне өттік. Осында окоп қазып, зеңбіректерді жасырдық. Сталинград түбіндегі шабуылдар қарашаның 19-ы күні басталды. Таңсәріде бір жарым сағат бойы «катюшалардың» гүрсілдеген даусы тұрды - мұндай гүрсілді мен бірінші рет естідім, табанымның астында жер қозғалып тұрды.
Біздің рота жаумен аянбай шайқаса отырып, Донбасқа жылжыды, одан кейін Харьковқа жеттік. Изюм үшін ұрыста қайта даярлықтан өтіп, күрес пен шабуылдауға қайта кірістік - бірақ олар сәтті аяқталмады. Батарея командиріміз қаза тапты. Орман ішімен өтіп келе жатқанымызда оқ астына алындық, мина жарылды, оның ұшқыны менің кеудеме тиіп, қолтығымның астынан тесіп өтті. Қан өте көп болды, мен қолымды асып байлап алдым да басқаруымды жалғастырдым, ол кезде мен зеңбіректің командирі, сержант болдым. Осы үшін де «Ерлігі үшін» медалін алдым.
- Бұл 1943-ші жыл болды ғой?
- Иә, 43-ші жылдың көктемі. «Қызыл Жұлдыз» орденін Запорожье аумағындағы шайқас үшін кейін алдым. Батареяға танкілер көптеп келе жатты, біреуін істен шығардық, бірақ екіншісінің снаряды жанымызда жарылып, оның ұшқындары ішіме тиді. Майдандастарым қолдарынан келгенше байлап беріп, ауылдық мектепте орналасқан госпитальға жеткізді. Ішіме алты ұшқын кірген екен. Бес ай бойы Воронеж облысындағы тылдағы госпитальда емделдім.
Кейін батареяма қайта оралып, Одессаны азат еттік, есте ерекше сақталғаны - Николаевқа жасаған марштық қадамдарымыз. Саз-балшыққа айналған жолдармен техниканы сүйретіп, әрқайсымыз оқ-дәрілерді екі-екіден иыққа салып өттік.
- Қалай тамақтандыңыздар?
- Майдан шебінде тамағымыз жаман болмады, етпен дайындалған ботқа, нан, қосымша қатқан нандар беретін. Бірақ асхананы апталап көрмей кеткен күндеріміз де болды. Үш күн бойы қатқан нанды жедік, кейін аттың боршасын тауып, сонымен азықтандық.
- Соғыстағы оқиғаларды еске жиі аласыз ба?
- Соғыс кезінен тек ауыр сәттер ғана емес, көңілге күлкі ұялатқан оқиғалар да есте қалды. Бір күні Петя Борисовты қолына алты қазаншаны ұстатып, полктік асханаға түскі асқа жұмсадық. Түскі асты алып, батареяға қайтып келе жатқанында оқ астына алынып, жарақаттанады. Оған жермен жорғалай отырып далалық жердегі госпитальға жету керек болды, бірақ асқа толы алты қазаншаны тастап кетуге оның көзі қимады. Ол ауқаты жақсы, денелі жігіт болатын, жарақаттанғанына қарамай, барлық ыдысты сол кезде бірден босатады.
Гауптвахтаға түсіп қалғаным да есімде. Жайдары жүзді мазасыздау капитанымыз болатын, бірде ол бір әрекеті үшін қамауға алынды да, маған карабин беріліп, оны қарауылдау бұйырылды. Ол болса мені таныстарынын үйіне қонаққа барып келуге көндірді, қаруды тығып қойдық та, кешкі асты ішіп болғаннан кейін қайтып келдік. Келсек, бізді таппай, жоғалтып жатыр екен. Ақырында оны алып кетті де, мені гауптвахтаға қамады.
- Жеңіс күнін қай жерде қарсы алдыңыз?
- Украинадан кейін Молдавада болды. Венгрияда адамдар бізге қауіптене қарады, фашистер мұнда бізге қарсы үгітті жақсы жүргізген екен. Болгарлар болса гүлдердің астында қалдырды, осы жерде Жеңіс күнін атап өттік. Қуанышымызда шек болмады.
- Үйіңізге оралғанда немен айналыстыңыз?
- 1947 жылы жұмыс істей бастадым. Мектепте дене шынықтыру сабағынан мұғалім болуды ұсынды. Одан совхозға шақырды, бірақ мен Павлодарға кеттім. Осында ұстазыммен кездестім, сол кезде ол партияның аудандық комитетінде жұмыс істеп жүрді. Милицияға бару ұсынысын айтты, ал мен бейбіт мамандыққа барғым келді. Жолдасым бірде облыстық статистикалық басқармаға алып келді. Менен: «Санау білесің бе?», деп сұрады. Совхозда демалыс кезінде есепші болып істегенімді айттым, бірден экономист қылып алды. Мен марксизм-ленинизм университетінің кешкі бөліміне оқу түстім. Партиялық органдарға қызметке шақырылдым, нұсқаушы болып істедім. Кеңес одағы коммунистік партиясы Орталық комитетінің жанындағы Жоғары партиялық мектепті бітіріп шыққаннан кейін, мені Железинск ауданында аудандық комитеттің хатшысы етіп сайлады.
Кейін облыстық статистикалық басқарманың бастығы болдым, зейнетке шыққанша 23 жыл бойы осында жұмыс істедім.
Қазір Волковтардың жанұясында төрт ұрпақ тұрады - өзі, қызы, немересі мен шөберелері.
- Біз өте тату және бақытты тұрамыз, - дейді Николай Петрович. -Мамыр басталғалы мектептер қонаққа шақыруда, қазір Астанадағы шеруге дайындалып жатырмын.
- Әңгімеңізге рахмет!