Ұлы Отан соғысындағы отты жылдардың жаңғырығы естен кетпейді - М.Әжіғұлов
- 1941 жылғы маусымның 14-інде сол жылы Жәңгір хан іргесін қалағанына 100 жыл толған М.Горький атындағы Орда орта мектебін 13 оқушы бітіріп, аттестат алғанбыз. Бір аптадан кейін соғыс басталады екен деп, әрине, ешкім де ойлаған жоқ. Бәріміз де арман қанатында жүрген едік, деп бастады әңгімесін майдангер.
1942 жылдың маусым айында Сатлинград майданы тиіп тұрған Орда ауданынан 362 жас жігіт майданға аттандық. Ордадан Сайқын стансасына дейін 55 шақырым жаяу жүріп бардық. Біздерді Сайқын стансасында жүк вагондарына отырғызып, Сталинград облысының Дубовка қаласына алып барып, запастағы 45-атқыштар бригадасының 65-атқыштар полкіне тапсырды. Үлкен қиындықпен Еділ өзеніне жетіп, паром арқылы арғы бетке өттік. Мен, М.Абдолов, Ш.Хасенов, Т.Әміров, Қ.Сейітқалиев, т.б. бірге аттанған жастар станокті пулеметші болуға үйрететін ротада болдық. Екі айдан кейін Астрахан облысына аттандырды. Біз Қалмақ АССР-і арқылы келе жатқан неміс әскерлеріне қарсы соғысуға барған екенбіз. Оларды тоқтатқаннан кейін бір топ кіші командир Чкалов (Орынбор) облысының Тоцк стансасы маңында орналасқан запастағы 11-атқыштар бригадасының 365-атқыштар полкіне келдік. Жол бойы Шоңай, Сайқын, яғни туған жер арқылы өттік.
Бірнеше айдан кейін Сталинград майданына қайта аттандырды. Бұл 1942 жылдың қараша айы болатын. Біз 21-армияның қарауындағы (командирі генерал И.Чистяков) 304-атқыштар дивизиясының 807-атқыштар полкінің құрамында танкіге қарсы мылтық ататын (ПТР) расчетінде болдық. Біздің әскерлеріміз Сталинградты жанқиярлықпен қорғады.
1942 жылы қарашаның 17-сінде Оңтүстік-Батыс (оның ішінде біздің 21-армия да бар) және Дон майдандары, келесі күні Сталинград майданы Паулюс армиясына қарсы шабуылға шықты. Клецк маңындағы қорғанысын бұзды. Қарашаның 23-інде Калач қаласын алды. Тарихта Сталинград маңында үш майдан: Оңтүстік-Батыс (командашы генерал-лейтенант Н.Ватутин), Дон (командашы генерал-лейтенант К.Рокоссовский) және Сталинград майдандары болды (командашы генерал-полковник А.Еременко).
1942 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде Мемлекеттік қорғаныс комитеті (ГКО) осы үш майдандағы барлық күшті жұмылдырып, басшылықты бір қолға беруге шешім қабылдап, Дон майданын (командашы болып генерал К.Рокоссовский тағайындалды) құрды. Біздің 21-армия осы майданның қарамағында қалып, біздің рота Калач қаласының маңында тұрды. 1943 жылғы қаңтардың 9-ында генерал К.Рокоссовский немістердің қарсылықты тоқтатып, жалпы ереже бойынша тұтқынға берілуін талап етті. Алайда Паулюс ультиматумды қабылдамай, өзінің солдаттарына ақтық оғына дейін соғысуға бұйрық беріп, оларды құтқаруға уәде етті.
1943 жылғы қаңтардың 10-ында кеңес әскерлері жау топтарын түпкілікті талқандауға шықты. Таң ата ұрыс басталды. Одан жаяу әскерлермен бірге мен мылтықты көздеуші, М.Абдолов оқтаушы болып, алға ұмтылдық. Шабуылмен ілгері жылжыған жаяу әскерлермен бірге ілесе отырдық.
Бір күні ротадағы танкіге қарсы ататын мылтық расчеттарын фашистердің екі танкісіне қарсы жұмсады, оларды ауыр қарудың күшімен жойдық. Қаңтардың 22-сі ең ауыр күн болды. Бұл Гумрак стансасының тұсы болатын. Бір ғажабы, сол жерде екі жақ атыстарының арасында бір түйе қозғалмастан тұра берді. "Осы жерден ат пен түйе жегіп, шаруа болып, қасымыздан өтіп кетпекші болған сегіз неміс офицерін ұстадық" деп жазды Орда ауданының газетіне майдандасым М.Абдолов. Біз оларды бір солдатпен өзіміздің штабқа айдатып жібердік. Осы стансада денеме оқ тиіп, жараландым. Медсанбатқа әрең жеттім, олар госпитальге жіберді, ұзақ емделуге тура келді.
Еділ бойындағы соғыстағы жеңіс көптеген солдат, командир, саяси қызметкерлердің батырлығын әлемге әйгі етті. Оларға орден, медальдар, гвардия атағы берілді. Қаланы қорғауға қатысып, неміс тобырын жоюға қатысқан 700 мыңдай адамға "Сталинградты қорғағаны үшін" медалі берілді. Мен де сондай және "Ерлігі үшін" медалімен марапатталдым. Бұл жеңіс кеңестік соғыс тактикасының ең жоғарғы дәрежесін көрсетті. Батыр қала музейінде АҚШ президенті Франклин Рузвельттің грамотасы сақталған. Онда былай деп жазылған: "От имени народа Соединенных Штатов Америки я вручаю эту грамоту Сталинграду, чтобы отметить наше восхищение его доблестными защитниками, храбрость, сила духа и самоотверженность, которых во время осады с 13 сентября 1942 года по 31 января 1943 года будут вечно вдохновлять сердца всех свободных людей, их славная победа остановила волну нашествия и стала поворотным пунктом войны Союзных наций против агрессии".
2003 жылғы ақпанның 2-сінде Волгоград қаласында Сталинград соғысының аяқталғанына 60 жыл толуына арналған мерекелік жиын болды. Оған біздің облыстан делегация барып қайтты. Мен де соның құрамында болдым.
Сталинград үшін соғыста жаралы болып, госпитальде емделіп шыққаннан кейін Чкалов (Орынбор) облысының Ақбұлақ стансасында орналасқан радиотелеграфистердің Ленинград 5-жоғары әскери курсына оқуға түстім. Бұл курс соңынан Ақтөбе облысының Темір қаласына ауысты. 1943 жылдың қазан айында курсты бітіріп, 3-класты радиотелеграфист атағын алып, майданға аттандық. Одан кейін І-ІІ Прибалтика майдандарының 6-гвардиялық армиядағы 45-дербес байланыс полкінде болдым, яғни бұрынғы армияма қайта келдім. 45-дербес байланыс полкі армия ішінде батальон, полктерді өзара, болмаса армия штабымен байланыстырып отырады. Мен әуелі телефон пункттерінде байланысшы болдым. Міндетім - телефон сымдарының үзілген жерлерін тауып, байланысты қалпына келтіру. Екі рет немістермен кездесіп қалған жайт та болды. Әйтеуір, түн ішінде, орман арасында телефон пунктіне бару үшін телефон сымын ұстап, кері жүріп, аман-есен оралдым. Бірер ай өткесін осы полктегі автомашинаға орнатылған радиостансаға ауыстырды. Стансамыз РСБ маркалы. Немістерді алдыңғы шебінде жақыннан радиобарлау тобы жасақталып, мені соған ауыстырды. Топта неміс тілін білетін 2 тілмаш, 5-6 радиотелефонист болды. Міндетіміз - немістердің сөйлесіп жатқан стансаларының толқындарын тауып, радио арқылы эфирде беріп жатқан жасырын бұйрықтарын ұстап, жоғарыға хабарлап отыру. Берген хабарларымыздың біразы өте пайдалы мәлімет болып шықты.
1943 жылы қарашаның 19-ында Калинин майданы негізінде І Прибалтика майданы құрылып, оны генерал И.Баграмян басқарды. 1944 жылғы маусымның 24-інде І Прибалтика майданы Шауляй бағытына бет бұрып, шілденің 27-сінде қаланы азат етті. Шілденің 31-інде Елгава жаудан босатылды. Шауляй маңында болған ұрыстарда біздің 6-гвардиялық армия да болды. Мен Жеңіс күнін Прибалтикада қарсы алдым.
«1945 жылдың маусымында елге оралып, еңбек майданына кірістім. Көп жыл оқу-ағарту саласында, кейін партия, кеңес органдарында басшылық қызметтер атқардым. ІІ дәрежелі Отан соғысы, "Еңбек Қызыл Ту", екі рет "Құрмет Белгісі" ордендерімен және түрлі медальдармен марапатталдым. Сырым және Бөкей ордасы аудандарының құрметті азаматымын. Бес бала тәрбиелеп, бәріне жоғары білім бердік», деп аяқтады әңгімесін М.Әжіғұлов.