Ұлы Отан соғысының және ІІМ ардагері Төлеутай Түсіпбековке мемориалдық тақта орнатылды

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ. Тамыздың 23-і. ҚазАқпарат - Қарағандыда тамыздың 21-і күні Ұлы Отан соғысының және ІІМ ардагері Төлеутай Түсіпбековке мемориалдық тақта орнатылды. Бұл шараға Қарағанды облысының ІІД бастығы полиция генерал-майоры Нұрлан Рахымберлин қатысып, салтанатты шеруді ашты. Сонымен қатар, аталған жиынға ІІБ қызметкерлері, сондай-ақ Т.Түсіпбековтің достары, әріптестері және туған-туыстары қатысты, деп хабарлады баспасөз қызметінен Айым Сәдуақасова.
None
None

1923 жылы Қарағанды облысы Телман ауданында дүниеге келген Төлеутай Түсіпбеков 1932 жылы Қарағанды қаласындағы №7 Жамбыл атындағы мектеп табалдырығын аттайды. Ол 9-ыншы сыныпты аяқтаған кезде Ұлы Отан соғысы басталады. Ер-азамат тегіс майданға аттанғанда, Төлеутай сынды қабырғасы қата қоймаған жеткіншектерге қара нардың жүгі аманат боп қалады. Сондықтан да ол мектеп бітірместен 1941 жылы наурыз айында Қарағанды қаласының 1 учаскелік халық сотына аға хатшы болып жұмысқа тұрады. Бұл жерде бір жылдай еңбек еткен ол 1942 жылы ақпанда әскер қатарына шақырылып, онда 1947 жылдың наурыз айына дейін қызмет етеді. Т. Түсіпбеков әскерге шақырылған 1942 жылдың қыркүйегінен 1945 жылдың 9-ыншы мамырына дейін Ұлы Отан соғысына қатысады. Сол кездегі ерліктері үшін «Қызыл Ту» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 1944 жылы наурызда 204 атқыштар дивизиясынан БРКП (Бүкілресейлік коммунистік партиясы) мүшесіне қабылданды.

1947 жылы шілденің 1-інде ІІМ органына арнайы комендатураның комендант көмекшісі лауазымына жұмысқа тұрды.

1948 жылы шілдеде Төлеутай Түсіпбеков Теміртау қаласының милиция бөліміне арнайы комендатураның коменданты лауазымына жоғарылатылады. 1949 жылы арнайы комендатурадағы жеткен жетістіктері үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

1950 жылы «Кеңес әскері мен флотқа 30 жыл» медалімен марапатталды.

1950-1960 жылдары Оңтүстік Қазақстанда жетекшілік қызметтерде қызмет етті. 1960 жылы туған жері Қарағандыға қайтып келіп, еңбек демалысына шыққанша ІІБ-да аянбай еңбек етеді.

«Төлеутай Түсіпбековтің ерлікке толы өмірі бүгінгі ұрпаққа өлшеусіз үлгі-өнеге. Оның ішкі істер органының дамуына сіңірген еңбегі қандай құрметке болса да лайық» - дейді ІІМ ардагері Тиышбек Аханов.

Соңғы жаңалықтар