Ұлы Жеңіс: Ерлік елге - мұра, ұрпаққа - ұран!

АСТАНА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін - Ұлы Жеңістің 68 жылдығы. 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты.
None
None

Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн. 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ге жуық жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы атақ Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 103-нің ұлты қазақ. Соғыс кезінде бұл атаққа 100 қазақ ие болса, соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Н.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны - 96638 адам.

Жалпы тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1-ші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшыраған Германия 1933 жылдардан бастап қарулануға баса назар аударып, кеткен есені қайтаруға тырысып баққан. Бұған АҚШ-тың алпауыт компаниялары бөлген қаржылай әрі материалдық көмектер де көп септігін тигізді. Тіпті, бірінші дүниежүзілік соғыста басты қарсыластың бірі болған Кеңес одағының өзі 1926-33 жылдары аралығында Липецк және Қазан қалаларындағы полигондарда Германия қарулы күштері офицерлерінің білімі мен біліктілігін шыңдауға қол ұшын берген болатын. Осылайша, өзі асыраған күшіктің ит болғанда балағынан алатынын білмей қалды.

1940 жылдың аяғында фашистік Германия өздері басып алған Польша жеріне, яғни КСРО-мен шекараға таяу әскерлерін шоғырландыра бастағанда да бейқамдыққа салынды. Шындығында бұл жайттан хабардар кеңестік тыңшылар жедел ақпараттарды орталыққа жеткізіп отырған еді. Алайда, олардың жеткізген хабарлары бір-бірімен қабыспай жатты. Өйткені, мұндай қадамға Ұлыбританияға жасалатын басқыншылық соғысты бүркемелеу үшін барып отырғандығын айтқан Германия алдау-арбауға толы сантүрлі жалған ақпараттарды таратқан-ды.

Айта кетерлігі, 1940 жылы Германия, Италия және Жапонияның «Үштік пакт3сіне» Кеңес Одағының қол қоюдан бас тартуынан кейін-ақ Гитлер КСРО-ға шабуыл жасау жоспарын бекітті. КСРО-мен соғыстың жоспары 1941 жылғы қаңтардың 31-інде шығарылған «Әскерлерді стратегиялық топтау мен орналастыру туралы директива» атты құжатта егжей-тегжейлі баяндалды. Ал 1941 жылғы 1 мамырдың Гитлер КСРО-ға шабуыл маусымның 22-сінде бастауды түбегейлі шешті.

Тарихи деректерге қарағанда, 1937-1938 жылдары КСРО-да орын алған жаппай қуғын-сүргіннің нәтижесінде Қызыл армияның басқару буыны ауыр шығынға ұшырды. Мәселен, 5 маршалдың 3-еуі, 15 армия генералының 13-і, 9 адмиралдың 8-і, 57 кеме командирінің 50-і, 186 дивизия командирінің 154-і, 16 әскер комиссарының 16-сы, 28 корпус комиссарының 25-і атылу жазасына кесілді. Әскери округтар мен әскери құрамалардың басына жас, тәжірибесіз басқарушылар тағайындалды. Ал соғыс басталған кезде 17 әскери округ басшыларының 7-еуі, 17 округ штаб басшыларының 4-еуі өз қызметтеріне тағайындалғандарына жарты жыл толмаған еді. 20 армия қолбасшыларынан 13-інің тағайындалғандарына жарты жыл толмай, тек 2-еуі ғана жылдан астам уақыт бұрын тағайындалды. Командирлердің 70 пайызының (полк командирінен жоғары) және сол деңгейдегі саяси жұмысшылардың 75 пайызының жұмыс өтілі жылға жетпейтін. Міне, осындай деректерді алға тартқан бірқатар зерттеушілер қуғын-сүргін әскердің қорғаныс қабілетіне кері әсерін тигізді деп санайды. Олардың пайымынша, кадр «тазалау» әскердің моралдық жағдайына кері әсер етіп, кейбір азаматтардың Ұлы Отан соғысы кезінде жау жағына өтулерін қуғын-сүргінмен жуып-шаюларына мүмкіндік жасады. 30-шы жылдардың жаппай қуғынына тікелей қатысқан Молотовтың пікірі егер 30-шы жылдардың оқиғалары орын алмағанда соғыстың кезінде сатқындар мен коллаборационистердің саны әлдеқайда көп болар еді дегенге саяды. Қалай дегенде де темірдей тәртіп пен кеңестік азаматтардың жанқиярлық ерлігі арқасында ғана Қызыл армия жеңіске жеткен еді.

Бұл соғысқа Қазақстан тоталитарлық Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Коммунистік жүйе мен фашистік тәртіптің текетіресі қазақстандықтарға зор қасірет алып келді. Әкімшіл-әміршіл кеңестік жүйе Қазақстанды соғыс мақсатына шұғыл бейімдеді. Өйткені Қазақстанның адам және табиғи мүмкіндіктері мол еді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда - 220, Смоленск жерінде - 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда - 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты.

Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 жылғы 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал - Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есе дерлік өсті. 1941-1945 жылдары барлығы 460 жаңа өндіріс орыны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 жылы мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 млн. гектарға жуық арттырылды. Республика 1941-45 жылдары 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4700 млн. сом болды.

Алайда, Қазақстан үшін бұл соғыстың зардабы ауыр болды. Шын мәнінде ол екі қуатты саяси жүйенің - тоталитарлық Кеңестер Одағы мен фашистік Германияның қарсы тұруынан шыққан еді.

Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі. Бұл жыл сайынғы аталып өтетін мейрамның ерекше және құрметтi орыны бар. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді.

Соңғы жаңалықтар