Ұлы Жеңіске 70 жыл: Тверь облысы Оленино ауданында 3 мыңнан астам қазақстандық жауынгер жерленген (ФОТО)
Ұлы Отан соғысына Қазақстанда жасақталған 100-інші және 101-інші дербес атқыштар бригадалары қатысып, ерекше ерлік көрсеткені белгілі. Олардың құрамында негізінен қазақ жауынгерлері болды. Ржев пен Тверь түбіндегі «Марс» операциясы деп аталған қанды қырғында осы бригада жауынгерлерінің 80 пайыздан астамы қаза тапты. Операция құпия болғандықтан, оның шындығы көпке дейін айтылмай келді. Тек кейінгі жылдары ғана қос бригада туралы көбірек зерттеліп, оған қатысқан жауынгерлердің тағдыры анықталып, есімдері жария бола бастады.
О.Дубовтың айтуынша, қазақстандықтармен бірге олениндік із кесушілер іздестіру жұмыстарын жыл сайын жүргізуде. Осындағы бауырластар молаларында негізінен қазақ жауынгерлері жерленген. Кезінде ұрыс даласы болған жерлерден көптеген жәдігерлер табылуда, бұлардың иесі сол жауынгерлер болуы әбден ықтимал.
Тверь облысынан, сондай-ақ Қазақстанның Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Ақтау қалаларынан келген меймандар Кеңес Одағының Батыры М.Мәметованың мұражай-үйінде болып, оның экспонаттарымен танысты, іс-тәжірибелерімен бөлісті. Олениндіктер өздерімен бірге ала келген қанды қырғын ескерткіштерін мұражайға табыс етті.
Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында 100-інші және 101-інші қазақстандық бригадалардың ерлік жолын зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген, Самарада тұратын тарихшы-ұстаз Зоя Әсімованың «Шагнувшие в вечность» («Мәңгілікке қадам басқандар») атты кітабының таныстырылымы болды. Шара барысында кітапқа байланысты тілектер айтылып, З.Әсімоваға «Оленино ауданының құрметті азаматы» куәлігі табыс етілді. Деректерді жинастырып, кітапты құрастыруға белсене қатысқан оралдық ұстаз Майра Құрмашева да елеусіз қалмады.
Қонақтарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қабылдап, аталған қос бригаданың ерлігі әрдайым ел есінде сақталатынын атап өтіп, осы орайда олардың атқарып жүрген ізгі істері үшін алғысын білдірді.
Шараға қатысушылар Орал қаласындағы Жеңіс алаңында болып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар рухына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.