11:05, 24 Ақпан 2010 | GMT +5
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай батысқазақстандық жас шаңғышылар жорыққа шықты
ОРАЛ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Орал қаласынан сегіз жас шаңғышы жорыққа аттанды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Құрманғазы атындағы музыка колледжі студенттері мен «Жас дәурен» балалар кешені тәрбиеленушілерінен құралған топ үш күнгі жорықта Зеленов, Тасқала, Ақжайық аудандарында болып, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізеді. Оларға қала әкімі Самиғолла Оразовтың атынан алғысхат пен арнайы сыйлықтар табыс етеді.
Шаңғы жорығын ұйымдастырушы «Болашақ жастардікі» облыстық жастар қоғамдық қорының директоры Манарбек Әжікеновтің айтуынша, «Біз сенің ерлігіңді ұмытпаймыз» атты шараның басты мақсаты - жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, аға ұрпақтың ерлік жолдарын насихаттау, салауатты өмір салтын ұстану.