Ұлыбритания астанасы Лондонда ХХХ жазғы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды

Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты, деп хабарлады www.olympickhabar.kz .
Төрт жыл бойы тер төгіп дайындалған Англия елі Олимпиаданың бұл ашылу салтанатының өзіне 27 млн. фунт стерлинг қаражысын жұмсапты. Салтанатты шарадан әлемнің 637 телеарнасы тікелей көрсетілімін ұсынса, 28 мыңға тарта британдық және әлемдік журналист хабар таратты.
Салмағы 27 тонналық жез қоңырау үні бүкіл Лондонға тарап, «Стратфорд» стадионы шымылдығын түрді. Оған сықып отырып сиған 80 мың жұртшылық пен теледидарға телмірген жер шары халқының үштен бірі демдерін іштеріне тартып, Олимпиада ойындарының отызыншы ашылуын тамашалады. Дәл сол сәтке дейін құпия сақталып келген сценарийдің сырын білді.
Оның авторы көрермен қауымға «Міскіннен шыққан миллионер» фильмімен жақсы таныс, әйгілі Оскар иесі Дэнни Бойл екені белгілі. Шоу - «Таңғажайып аралдар» деп аталады. Британ империясының болмысын бейнелейтін қойылым үш бөлімнен тұрады: жасыл да, жұпыны ауылдық Англия өмірі, өндірістік революция кезеңі мен ғаламтор дәуірі басталған бүгінгі заман. Стадион ортасына шын мәнінде көгалды дала орнатылып, онымен бұлақ суының сырқырап жатуы, диірмен айналып, айналада мал-жанның жайылып жүруі бұлар ертедегі Англияның ауылдық тіршілігін нағыз көз алдыңа әкелетін бейнелер. Сол сияқты түтіні будақтаған алып мұржалар мен қайнаған құрыш, олардың басы-қасындағы қара жұмыс жаңа заманға бет бұрған өндірістік өмірді сипаттайды. Жалпы бұл қойылымдардың барлығына 10 мыңға тарта актер тартылыпты. Қойылым композициясы арасында Олимпиаданың төл белгісі - «бес сақинаны» сәтті өрнектей білген. Асқан ептілікпен бір мезетте көкке көтерілген олар көздің жауын алады. Тарихқа саяхат бөлімінен соң көпшілік қауымға Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета көрінді. Оны тікұшақпен төрге қондырған атақты «007 агенті» Джеймс Бонд. Айта кетейік, «Мистер Бин» есімімен танымал Роуэн Аткинсон да осында. Сондай-ақ, стадионды «Питер Пэн», «Гарри Поттер», «Алиса ғажайыптар әлемінде» сияқты бірқатар британ ертегілерінің кейіпкерлері арқылы кішкентай бүлдіршіндер көріктендіре түсті. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысындағы британ мәдениетін әспеттейтін үшінші бөлім интернетті ойлап табушы Тим Бернерс Лиді мақтанышпен жарнамалай білген. Жалпы көз жанарыңа сыймастай әсер қалдыратын осыншама көрікті бейнелерді сыйлауға 13 мың көркемдік безендіру құралдары жұмсалыпты.
Байрақты бәсекеге бұл жолы әлемнің 204 елінен 10 мыңнан аса спортшы қатысады. Ашылу салтанатындағы делегациялар шеруін әдеттегі дәстүрмен Грекия елі бастады. Алфавиттік тәртіппен тізілген қатарда біздің ел 101 ретпен стадион төрінен табылды. Қазақстан құрамасын байрақ ұстаған балуанымыз Нұрмұхан Тінәлиев бастады. Айта кету керек, Олимпиаданың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Ұлттық құрамамыздың бас жанкүйері. Еліміздің атынан Лондон Олимпиадасына спорттың 25 түрінен 115 спортшымыз қатысады. Командалар көшінен соң ашылу рәсімінің шарықтау шегі Олимпиада алауына кезек берілді. Олимпиада отаны Грекия жерінен 70 күндік саяхатпен жеткен алауды соңғы сәтінде Темза бойымен алып жүрген футболшы Дэвид Бэкхем стадионға тапсырды. Төрге озған олимпиада оты 205 мемлекетке баланған құтылар жиынтығынан құралған алып алаудан жалын шашты. Осылайша ХХХ Олимпиада ойындары ашылды. Дәл бүгіннен бастап алғашқы алтын үшін бәсеке басталмақ. Жалпы алғанда, спорттың 37 түрінен 302 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Біреулердің ентігіп тулайтын, біреулердің жеңіліп құлайтын, енді біреудің егіліп жылайтын сәті де сонда. Ал жерлестерімізге «арман аралынан» тек жеңіс тілейміз!