«Ұлытау» мәдени-лингвистикалық лагерінің екінші маусымы жабылды
2010 жылы басталған бұл жобаның ұйымдастырушысы - Халықаралық бизнес академиясы. Академия ректоры Тахир Балықбаевтың айтуынша, екінші маусым «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры», Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының, Түркия Үкіметі жанындағы түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі мен Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілігінің қолдауымен өткізіліп отыр.
«Жылда тіл меңгеру мен ұлттық салт-дәстүрді үйренуге арналған лагерь жұмысының әр маусымы 10 күнге созылатын. Биыл үміткерлердің көп болуына байланысты оның ұзақтығы 8 күнге дейін қысқартылып отыр. Екінші маусымға қатысқандардың жартысын «Самұрық-Қазына» қорына қарасты ұлттық компаниялардың өкілдері, ал қалған жартысын колледж студенттері құрады», - дейді Т. Балықбаев. Оның сөзіне қарағанда, олар мұнда жоғары оқу орнының тіл мамандары дайындаған арнайы оқу құралдары мен әдістемелері арқылы бастауыш, орта және жоғары деңгейдегі 3 топта оқып, білімін жетілдіріп, ой-өрісін кеңейтеді. Лагердегі оқу маусымының қызықты өткені сонша, қазақтың тілі мен дәстүріне қызығушылығы артуына байланысты кейбір қатысушылары қайта оралып, өз біліктілігін көтеруге ерекше құлшыныс білдіруде.