Үндістандық компания «Сәтбаев» жобасына шамамен 9 млрд. доллар инвестиция құяды
Бұл туралы бүгін елордада Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх пен ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов кездескеннен кейін «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин айтты.
«Капиталдық шығындар шамамен 9 млрд. долларды құрайды. Барлау кезеңінде бұл үнді тарабының шығыны болады, одан кейін олар оны мұнай табылған жағдайда паритетті тәртіпте қайтаратын болады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, «Сәтбаев» жобасын жүзеге асыру барысында шамамен 250 млн. тонна мұнай өндіру болжанып отыр.
«Келесі жылы біз бірінші барлау скважиналарын бұрғылауға кірісуді жоспарлаудамыз. Ал ағымдағы жылы біз геологиялық және сейсмикалық жұмыстар жүргіземіз», - деді Қ.Қабылдин.
Естеріңіге сала кетейік, Бүгін Ақордада Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингхтің екікүндік ресми сапары аясында Қазақстан мен Үндістан арасында бірқатар екіжақты құжаттарға, оның ішінде үндістандық «ONGC Videsh Limited» компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасындағы «Сәтбаев» мұнай блогын 25 пайыздық үлеспен бірлесіп игеру жөніндегі құжаттар топтамасына қол қойылған болатын.