Универсиада нысандары Алматы қаласының мәртебесін жаңа деңгейге көтереді - Б. Байбек (ФОТО)

«2017 жылғы қысқы Универсиадаға арналып салынып жатқан бұл бірегей спорт нысандары Алматы қаласының мәртебесін жаңа деңгейге көтереді. Бұл - жоғары халықаралық деңгейдегі нысандар. Ал Универсиада - үлкен істің бастамасы ғана. Бұл нысандар Универсиададан кейін де жыл он екі ай жұмыс істейтін болады. Сондықтан, басты мақсатымыз - осы салынған алып та бірегей ғимараттардың әлеуетін жүзеге асыру. Оларда әр түрлі спорт жарыстарынан басқа, кең көлемді көлемді әлеуметтік және мәдени шаралар да өткізіліп тұратын болады. Қала тұрғындары үшін әр түрлі спорт секциялары ашылады. Аумақта жеке дара мейманхана, кафе, дүкен және басқа да қоағамдық нысандар салудың қажеті жоқ. Барлығы осы нысандардың ішінде қарастырылған. Бос орын жетеді. Барлығы жеке қолға таза, өңделген күйінде төмендетілген бағамен беріледі. Бизнесмендерге тек келіп, жабдықтарын қойып, жұмыстарын бастап жіберсе болғаны. Осылайша, Алатау ауданы осы нысандардың арқасында қала орталықтарының біріне айналса, Алматы қаласы спорттық-туристік кластерді дамытады», - деді Б. Байбек.
Сонымен қатар, аталған шара барысында қала басшысы құрылыс жұмыстарында адал еңбегімен көзге түскен бригадирлер, сырлаушылар, бетоншылар және басқа да құрылысшылар алғыс хаттармен марапаттады.
Айта кетелік, бүгінде жалпы Универсиада нысандарының құрылыс жұмыстарына 1500 шағын және орта бизнес субъектісі тартылған. Басты мақсат - нысандарлы 2016 жылдың тамыз айынан кешіктірмей қолданысқа беру. Қазір құрылысшылар белгіленген уақыт кестесінен 120 күнге алда келе жатыр.