Ұрпағымыз соғыс көрмесе екен деп тілейміз - бейнеулік ардагерлер - Дүйсенғали Көшеров пен Талпақ Жаңбыров

АҚТАУ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/-Миллиондаған адамның тағдырын тәлкекке түсірген Ұлы Отан соғысы -адамзат ғұмырындағы ең сұрапыл қан төгіс еді. Бұл соғыста Кеңестер Одағынан 27 млн адам қаза болды. Біздің елімізден қанды ұрысқа 1 млн 200 мың адам аттанып, Отан үшін отқа түсті. Олардың қатарында маңғыстаулықтар да бар.
None
None

Жерлестеріміздің біразының бүгінде көзі тірі. Ерлігі елге үлгі болған бейнеулік ардагерлер - Дүйсенғали Көшеров пен Талпақ Жаңбыров бастарынан өткен зұлмат жылдар жайында әңгімелеп берді.

Ұлы Отан соғысының ардагері,Бейнеу ауданының тұрғыны Дүйсенғали Көшеров 17 жасында майданға өз тілегімен аттанған. Ол Сталинград түбіндегі, Украина майданындағы ұрыстарға және Днепропетровск, Запарожье, Донбас, Варшава қалаларын азат етуге қатысқан. Екі мәрте Қызыл Жұлдыз, 1 дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Жеңістің 20, 25, 30 жылдығы медалдары және Қарулы Күштердің 60, 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

«Қымбатты менің балаларым, іні-қарындастарым, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құтты болсын. Біздердің елге жасаған қызметтерімізді еске алып, қадірлеп жатқандарыңызға рахметімді айтамын. Келешек ұрпақ жарқын өмір сүріп, бірлік пен татулықтың шамын жаға білсе екен. Соғыс деген сөзді бізден кейінгі ұрпақ естімесе екен», дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Дүйсенғали Көшеров.

Қанды қырғынды бастан кешіргендердің бірі Сарға ауылының тұрғыны - Талпақ Жаңбыров. 1942 жылы 20 жасында әскерге алынған ол Орал және Сталинград қалаларында міндетін өтеп, сол жылы соғысқа аттанған. 1945 жылға дейін Украина, Чехославакия, Польша мемлекеттерін жаудан қорғайды. Осылайша, отқа оранған 5 жылды артқа тастаған ол Ұлы Жеңісті Югославия жерінде қарсы алған.

«Жеңіс дегеннен артық қуаныш бар ма? Қуанышымыздың есебі жоқ. Елді көріп, туған жерді басамыз деген, ата-анамен көрісеміз деген ой болған жоқ соғыста. Алланың берген дәмі таусылмаған соң, қиыншылықтарға төзіп келдік. Ел аман, жұрт тыныш заманды көргеніме қуанамын, бар тілегім -ұрпағымыз соғыс дегенді көрмесе екен деймін», дейдіҰлы Отан соғысының ардагері Талпақ Жаңбыров.

Бүгінде Бейнеу ауданында Ұлы Отан соғысының 13 ардагері бар. Оларға өлке басшылығы тарапынан тиісті құрмет пен көмек көрсетіліп тұрады. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай ақсақалдардың 2-уі Астанада өтетін салтанатты шеруге қатыспақ.

Соңғы жаңалықтар