Ұрпақ тәрбиесі баршаға ортақ - Н.Ноғаев, БҚО әкімі

ОРАЛ. 24 қазан. ҚазАқпарат - 24 қазан күні облыс әкімдігінің үлкен залында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің кеңейтілген алғашқы отырысы өткізілді.
None
None

Кеңес жұмысына облыс әкімі, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрлан Ноғаев қатысып, сөз сөйледі.

Кеңес отырысына БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев төрағалық етті. «Біз бүгінгі ақсақалдар кеңесінің ұйғарымымен күн тәртібіне балалар мен жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылық мәселесін шығарып отырмыз. Бұл мәселе тек бізді ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатады. Сондықтан біздер, жаңадан құрылған ақсақалдар кеңесі, бірінші болып осы мәселені қарауды жөн деп есептедік», - деді Б.Жұмағалиев.

-Ұрпақ тәрбиесі - бірер күннің ісі емес, бұл мәселе барша қоғам мүшелерінің  күнделікті жүргізетін жұмысы. Біз балаларымызға «ешкімге қиянат жасама, жаман әдеттен аулақ бол» деп ақыл-кеңес беріп отырамыз. Болашақ жастардікі дейміз, ал сол жастар қандай болуы керек, осы мәселе ақсақалдарды алаңдататындықтан, оны бүгінгі кеңес отырысына арнайы ұсынып отырғандарына рақмет айтамыз, - деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы. -Ресми деректерге жүгінсек, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық іс өткен жылға қарағанда қысқарғанмен, әлі де болса орын алып отырғаны қынжылтады. Бұл жастар тәрбиесі өз деңгейінде емес екенін көрсетеді. Жасөспірімдер өмірде өз орнын таба алмай, қателіктерге бой алдырып жатады. Бұл, біріншіден, ата-аналар, екіншіден, мектеп ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, құқық қорғау мекемелері жіберіп алған кемшіліктер.

Кеңесте сөз алған БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Бәтес Исмағұлованың осы тұрғыдан алғанда айтқан пікір-ұсыныстары көпшіліктің ойынан шықты. «Әрбір жасөспірімнің өмірі отбасында қалыптасады. Сондықтан ата-ана, тіпті кез келген ересек адам жас ұрпақты жаман әдеттен сақтандыру қажеттігін түсінуі керек. Біздер, ардагерлер, өмірлік тәжірибемізді жас ұрпақ тәрбиесіне сарқа жұмсауымыз қажет. Қазір заман басқаша. Бірақ өткен социализм дәуірінде жүргізілген тәрбие жұмыстарының жақсы жақтарын қайта қолға алып, жаңғыртсақ, ұтарымыз көп болар деп ойлаймын. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, «Жас ұлан» ұйымы, балалар клубы, үйірме жұмыстарын жетілдіру, оларды қаржыландыру мәселесін шешуді көтерсек», - деді Бәтес Тұранқызы.

Осындай пікірлерді облыстық ішкі істер департаменті бастығының міндетін атқарушы  Асылғали Меңдіғалин, Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев, Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Гүлназ Құлжанова, «Жас өркен» балалар мен жастар одағы» жастар бірлестігінің төрағасы Жосабек Есенғалиев, Орал қалалық мәслихатының депутаты Мақсот Берген де ортаға салды.

Кеңес жұмысын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қорытындылап, қоғам өміріндегі маңызды мәселеге байыппен қарап, риясыз әңгіме құрғандары үшін ақсақалдарға ризашылығын білдірді.

Кеңес отырысында талқыланған мәселе бойынша ұсынба қабылданды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум