Үш адамның өміріне қастандық жасаған адам Ақтөбеде қолға түсті

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Ақтөбеде криминалдық полиция қызметкерлері алматылық көліктегі полицейлердің қатысуымен «Астана-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызының вагонында мемлекетаралық іздеуде жүрген Алматы облысының 30 жастағы тұрғынын қолға түсірді», - деді ол.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, ұсталған азамат қыркүйек айының ортасында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының үш тұрғынына бұзақылық ниетте атыс қаруын қолданып, өлтірмекші болғаны үшін іздеуде жүрген. Полиция аталған қылмысқа қатысы бар Алматы облысының 44 жастағы тұрғынын «ізін суытпай» қолға түсірген.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Н.Ораз