Үш бірдей адамды қағып өлтірген сотталушыға жаза қатайтылды - БҚО

ОРАЛ. 22 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық соты кассациялық сот алқасының қаулысымен өзгенің көлігін айдап кетіп, үш бірдей адамды қағып өлтірген сотталушы Н.А.Жунусовқа қатысты жаза қатайтылды.
None
None

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, биылғы ақпан айында қоғамдық пікір тудырған қылмыс орын алды. Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, 29 жасар Нұрлан Жунусов түнгі сағат төрт кезінде қаланың шағынауданының бірінің ауласынан «Мазда» автокөлігін айдап әкетіп, өте жоғары жылдамдықпен жүйткіп келе жатып, жол бойында қарсы келе жатқан үш әйелді қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан. Қонақтықтан қайтып келе жатқан әйел адамдардың бірі Ресей азаматшасы болатын. Оқиға салдарынан екі адам сол бойда, ал үшіншісі ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды.

Басты сот талқысында сотталушы сол күні мас күйде болғанын және көлікке қалай отырып, жүргізгенін білмейтіндігін айтқан. Орал қалалық сотының үкімімен ағымдағы жылдың мамыр айында Жунусов адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылып, алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотталды.

 Іс апелляциялық тәртіпте қаралмады. Бұл қылмыстық іс кассациялық сатыға прокурордың наразылығы бойынша түсіп, жазаның дәлелденгендігіне дау келтірместен соттан үкімді өзгертуін және ҚК 296-бабы, 3-бөлімі бойынша тағайындалған жазаны 8 жылға дейін ұзартуын сұраған.

Облыстық соттың кассациялық сот алқасы істі зерделей келіп, Жунусовтың көлікті мас күйінде айдап кетіп, кінәсіз үш бірдей адамды қағып өлтіруін қасақана қылмыс деп тауып, бірінші сатыдағы сот үкімінің жаза тағайындалған бөлімі өзгертілуі тиіс деген шешімге келді.

Сонымен қатар кассациялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың сотталушыға қатысты үкімі тым жеңіл, жасалған қылмыс дәрежесіне сәйкес емес деп есептейді.

Кассациялық сот алқасы жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілігін, одан туындаған салдарын, сотталушының қылмысты жасағанға және жасағаннан кейінгі мінез-құлқын, өтелмеген залалдың бар екендігін ескере келіп, Орал қалалық сотының Жунусовқа қатысты үкімін өзгертіп, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге ауыстырды.

Соңғы жаңалықтар